07 Қыркүйек 2026, 20:49
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің 27-отырысында қазақстандық қор биржаларында сатып алғаннан кейін олардың биржадан тыс айналысы кезінде квазимемлекеттік сектор облигацияларымен операцияларға салық салу мәселесі қаралды.
Euroclear/Clearstream, шетелдік инвесторлардың квазимемлекеттік сектордың облигацияларына қолжетімділігін кеңейту мүмкіндігі пысықталуда. Euroclear/Clearstream арқылы мұндай қағаздардың негізгі ұстаушылары бейрезидент болады деп болжануда.
Сонымен қатар қолданыстағы салық заңнамасы кейіннен Қазақстан қор биржасынан тыс сатылған кезде бағалы қағаздар құнының өсуінен түсетін табысқа салық салуды толық көлемде реттемейді.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова атап өткендей, бейрезидент Қазақстан қор биржасында квазимемлекеттік сектордың облигацияларын сатқан кезде олардың құнының өсуінен түсетін табыс салық салудан босатылады. Алайда, осы қағаздарды кейіннен Қазақстан биржасынан тыс сату кезінде заңнамада осындай тәсіл көзделмеген.
Мәселе халықаралық депозитарлық инфрақұрылым арқылы операциялардың дамуын ескере отырып, ерекше өзектілікке ие болады. Euroclear/Clearstream жүйелерінің ішіндегі бейрезиденттер арасындағы мәмілелер қазақстандық сауда және есеп айырысу инфрақұрылымы арқылы өтпейді. Бұл ретте бейрезиденттер мен нарықтың қазақстандық қатысушылары арасында биржадан тыс (OTC) мәмілелер жасау кезінде қазақстандық қор биржалары арқылы ұйымдастырылған нарықтағы операциялар үшін көзделген салықтық босату қолданылмайды.
Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің айналыстағы теңге облигацияларының көлемі қазіргі уақытта шамамен 17,6 трлн теңгені құрайды. Егер 2026 жылдың соңғы сегіз айында мемлекеттік бағалы қағаздардың жалпы көлеміндегі бейрезиденттердің орташа үлесінен – 8,1% шығатын болса, олардың квазимемлекеттік сектордың облигацияларына салымдарының әлеуетті көлемі шамамен 1,4 трлн теңгені құрауы мүмкін.
Осылайша, биржалық және биржадан тыс операциялар үшін салық режиміндегі айырмашылықтар шетелдік инвесторлар үшін қосымша кедергі келтіруі және халықаралық депозитарлық инфрақұрылым арқылы квазимемлекеттік сектор облигацияларының айналым әлеуетін шектеуі мүмкін.
Талқылау қорытындысы бойынша жобалық кеңсенің қатысушылары тұтастай алғанда Қазақстан қор биржасынан тыс жерде жасалатын тиісті мәмілелер кезінде құн өсімінен табыс салығын салудан босату тәсілін қолдады.
Ұлттық экономика министрлігі Қаржы министрлігімен бірлесіп салық заңнамасына қажетті нақтылауларды пысықтайды және нарық қатысушыларын осы жұмыстың нәтижелері туралы хабардар етеді.





Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу