Жұмыс істеп тұрған ШОБ саны 1,4 млн субъектіге жетті — Т. Жақсылықов

Үкіметте шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері қаралды. Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Министрлер кабинетінің отырысында ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының м. а. Нариман Әбілшайықов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов және Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев баяндама жасады.

ҰЭМ вице-министрі Тимур Жақсылықов берген ақпаратқа сәйкес, 2015 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі кезеңде Қазақстандағы шағын және орта кәсіпкерліктің даму серпіні оң нәтижелерді көрсетіп отыр. ЖІӨ-дегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 7,9%-ға артып, 34,7%-ға жетті. ШОБ өнімдерін шығару 2 есеге жуық артып, номиналды мәнде 29,7 трлн теңгеге жетті.

«Жұмыс істеп тұрған ШОБ-тың жалпы саны 15,2%-ға артып, 1,4 млн субъектіге жетті. ШОБ-та жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 10,6%-ға артып, 3,5 млн адам болды. Бұл орайда, ел дамуының жаңа моделі елдің ұзақ мерзімді экономикалық өсу тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін сапалы өзгерістерді жалғастыруды талап етеді», — Т. Жақсылықов.

Қазіргі кезде Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында ШОБ-ты қолдаудың қаржылық және қаржылық емес шаралары ұсынылады. Өткен жылы осы бағдарламалар бойынша 1,9 трлн теңгеден астам несие сомасына 51,4 мың жоба жеңілдікпен қаржыландырылды. 

2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау құралдарын қаржыландыру 57%-ға артып, 3,4 трлн теңгені құрады. 

2021 жылы Үкімет пандемия кезінде басталған дағдарысқа қарсы шаралар кешенін жүзеге асыруды жалғастырды, оның ішінде: 

  • экономиканың зардап шеккен секторларына кредит беру; 
  • шағын және микрокәсіпкерлік субъектілеріне барып тексерулер жүргізуге үш жылдық мораторий; 
  • зардап шеккен салалардағы ШОБ субъектілерінің кредиттері бойынша кейінге қалдыру; 
  • салықтық жеңілдіктер. 

Қаңтардағы тәртіпсіздіктер салдарынан зардап шеккен ШОБ субъектілерін қолдау мақсатында мынадай жедел шаралар қабылданды: 

  • ШОБ субъектілеріне келтірілген мүліктік зиянды өтеу; 
  • жеке және заңды тұлғалардың қарыздары бойынша төлемдерді кейінге қалдыру; 
  • салықтық және кедендік тексерулер мен басқа да шаралар тоқтатылды.

Қаңтар оқиғаларының нәтижесінде алдын ала деректер бойынша 1 630 ШОБ субъектісі зардап шекті, оларға шамамен 38,6 млрд теңге сомасына залал келтірілді. 1 491 ШОБ субъектісі жалпы сомасы 8,3 млрд теңгеге төлем алды. 

Ұлттық экономика бірінші вице-министрінің айтуынша, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру проблемаларының бірі — қолайсыз реттегіш жүйе және шектен тыс әкімшілік жүктеме. Аталған проблеманы шешу үшін 2021 жылғы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа Реттеушілік саясатты енгізу мәселелері жөніндегі заңға қол қойды. Заң бизнес үшін кедергілер жасауға жол бермеуге бағытталған. 

Бизнеске арналған талаптарды қайта қарау бойынша жұмыс екі кезеңде жүргізіледі. 

1-кезең – 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында сауда қызметі, көлік, ауыл шаруашылығы, қоғамдық тамақтандыру және тұру қызметтері салалары сияқты төрт басым салада реттеушілік талаптарды қайта қарауды қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Аталған салаларда ШОБ субъектілерін қамту шамамен 60%-ды құрайды. 

2-кезең – 2022 жылдың екінші жартыжылдығында және 2023 жылы денсаулық сақтау, құрылыс, өнеркәсіп және басқа да салалардағы бизнеске қойылатын талаптарды қайта қарау қамтамасыз етіледі. Осылайша, кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптар тізілімі қалыптастырылып, ол бизнес ортаға теріс әсер ететін талаптарға қатысты «Реттеуші гильотина» әдісін қолдануға мүмкіндік береді. 

Мемлекеттік бақылауды автоматтандыру арқылы тексерулер мен жазадан құқық бұзушылықтардың алдын алуға көшу жүзеге асырылады. Бұл бақылау және қадағалау органдарын Бизнестің проблемалық субъектілеріне шоғырландыруға және оларды ретке келтіруге мүмкіндік береді. 

«Кәсіпкерлік қызметті реттеудегі жаңа тәсілдерді іске асыру бизнеске жүктемені түбегейлі азайтуға және жаңа экономикалық шындық жағдайында іскерлік белсенділікті дамытуға серпін береді», — деп атап өтті Т. Жақсылықов.

Жалпы «таза парақтан» реттеуді енгізу бойынша жұмыс жоспар-кесте аясында одан әрі жалғасып, тұрақты бақылауда болады. 

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының міндетін атқарушы Нариман Әбілшайықов Мемлекет басшысының ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының 8-ші съезінде ШОБ-тың 2030 жылға дейінгі жаңа даму стратегиясын айқындау міндетін қойғанын атап өтті.

«Осы тапсырманы орындау үшін ҚР шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасы әзірленді. Құжатты қабылдаудың мақсаты – бизнестің экономикалық белсенділігін ынталандыру және дамыту және бәсекеге қабілетті ШОБ субъектілерін құру. Бұл үшін құжатта өсу әлеуеті бар ШОБ-қа басым қолдау көрсетуге бағытталған ШОБ-ты дамыту тәсілдері қалыптастырылған», — деді ол.

Әзірленген тәсілдерді іске асыру мынадай қағидаттарды сақтау арқылы жүзеге асырылады: 

- кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және ынталандыру; 

- фискалдық парасаттылықты көтермелеу көлеңкеден шығуға ықпал ету; 

- ШОБ бәсекеге қабілеттілігінің өсуіне жәрдемдесу. 

ШОБ-ты дамыту тәсілдері пирамида қағидаты бойынша құрылады және Қазақстан Республикасында ШОБ-ты дамыту проблемаларын шешуге бағытталған мынадай міндеттерді орындау арқылы іске асырылады: 

1) кәсіпкерлік белсенділікті қамтамасыз ететін институционалдық орта құру; 

2) бизнес-ахуал мен бизнес-ортаға әсер ететін кәсіпкерлік қызметті реттеуді дамыту; 

3) мемлекеттік қолдау шаралары құрылымының тиімділігін қамтамасыз ету. 

Қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін тұжырымдамада мыналар жоспарланған: 

  • нарықтың жекелеген қатысушыларына әділетсіз артықшылықтар жасайтын барлық заңнамалық және реттеушілік актілердің күшін жою; 
  • ШОБ үшін реттеушілік кедергілерді қысқарту; 
  • шектеулі бюджет ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыру мақсатында жеке ресурстар алдында ұжымдық пайдаға артықшылық беру; 
  • жаңа бастаған және жұмыс істеп тұрған бизнес үшін сапалы өнеркәсіптік, инновациялық және креативті инфрақұрылымның артық ұсынысын жасауды ынталандыру; 
  • бизнес есептілігін автоматтандыру және цифрландыру; 
  • рұқсат беру құжаттарын қысқарту. 

Тұжырымдаманың ережелерін іске асыру 2030 жылға дейін: 

  • ЖІӨ-дегі ШОБ үлесін 40%-ға дейін; 
  • ЖІӨ-дегі орта кәсіпкерліктің үлесін 20%-ға дейін; 
  • бақыланбайтын (көлеңкелі) экономиканың үлесін 12%-ға дейін; 
  • ШОБ-та жұмыспен қамтылғандар санын 5 млн адамға дейін арттыруға мүмкіндік береді. 

Тұжырымдаманы қабылдау шағын бизнесті орта және орта бизнеске ірі бизнеске айналдыруға ықпал етеді, бұл өз кезегінде тұтастай экономикаға оң мультипликативті әсер ететін болады. 

Бизнестің, бірінші кезекте шағын және орта бизнестің проблемалық мәселелерін шешу үшін Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев деңгейінде тұрақты алаң жұмыс істейді. Отырыс аптасына 2 рет өткізіледі. 

ҰКП съезінің қорытындысы бойынша осы жылдың ақпанында бизнестен 254 сұрақ келіп түсті. Қазір аталған алаң деңгейінде 96 мәселе талқыланып, оның 20-сы шешілген, қалған мәселелер салалық министрліктермен және басқа да уәкілетті органдармен пысықталып жатыр. Мәселелер 18 түрлі саланы қамтиды. Олардың басым бөлігі мемлекеттік сатып алу, АӨК, сауда, денсаулық сақтау, қаржы және т.б. салаларға қатысты. 

Одан бөлек, қазіргі экономикалық жағдайға байланысты бизнестің жедел мәселелері Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабқа шығарылады.

«Бизнеспен жұмыс тиімділігін арттыру үшін "Атамекен" ҰКП ШОБ-қа назар аудара отырып, өз қызметін трансформациялауды бастады. Кәсіпкерлер палатасының соңғы съезінде микро және шағын, орта бизнесті қолдауға, қорғауға және дамытуға назар аудара отырып, "Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы" заңға өзгерістер пакетін дайындау туралы шешім қабылданды», — деді Нариман Әбілшайықов.

Ол үшін Төралқаның салалық комитеттері мен өңірлік кеңестерден, сондай-ақ сарапшылардан 90 өкілден тұратын жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы 42 негізгі мәселені анықтап, 4 блок бойынша дауыс беру өткізді. Мәселелерді жинау қорытындысы бойынша жұмыс тобының мүшелері арасында қандай да бір ұсыныстарды қолдау үшін дауыс беру өткізілді. 

Дауыс беру кезінде жұмыс тобының мүшелері өздері өкілдік ететін өңірлік кеңестермен және салалық қауымдастықтармен консультациялар өткізді. 

Қазір жұмыс тобының қызметі жалғасуда. Бүгінгі таңда палатаға 30-ға жуық жаңа ұсыныс келіп түсті, оларды біз бірлесіп талқылаймыз. Сондай-ақ Палата қызметіне функционалдық талдау жүргізіледі. 

ШОБ дамыту тұжырымдамасы ҰКП-мен талқыланды. ШОБ үшін рұқсат беру құжаттары мен реттеуші кедергілерді қысқарту бойынша біздің ұсыныстарымыз және басқа да мәселелер құжатқа енгізілген. Атап айтқанда, біз Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, бір жарым жыл бойы «таза парақтан» реттеуді енгізу бойынша бірлескен жұмыс жүргізіп келеміз. Базалық тәсілдер бірлесіп әзірленді.

Бұл тәсілдер өткен жылғы 30 желтоқсанда қабылданған жаңа реттеушілік саясат жөніндегі заңда бекітілген. Заңның негізгі мақсаты мемлекеттік реттеу адамдардың өмірі мен денсаулығы, экология, құқық тәртібі мен имандылық үшін тәуекел болған жағдайда ғана орын алуы тиіс. 

Кәсіпкерлік қызметті «таза парақтан» реттеудің жаңа тәсілінің негізгі новелласы – Міндетті талаптар тізілімін енгізу. Тізілімде жаңа реттеушілік саясатқа сәйкес келетін талаптар ғана қамтылатын болады. 2024 жылдан бастап егер талап Тізілімге енгізілмеген болса, онда ол бойынша мемлекеттік орган тексере және жазалай да алмайды. Егер Тізілімде талап болмаса, онда жазалау да жоқ. ҰЭМ Тізілімді қалыптастыруды және жүргізуді «Әділет» жүйесінің базасында жүзеге асырады.

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қостанай облысында 55 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі бар, бұл 2020 жылдың қорытындыларымен салыстырғанда 4,5%-ға артық, оларда 160 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылғанын мәлімдеді. осы орайда, тіркелген кәсіпкерлердің жалпы көлеміндегі жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлердің үлесі 90%-ды құрады. 

«Шағын және орта бизнес субъектілерінің өнім шығаруы 2020 жылмен салыстырғанда 9%-ға ұлғайды және 1,5 трлн теңгені құрады, ал жалпы қосылған құн 21,5%-ға ұлғайды. Бұл көрсеткіштерге қол жеткізу көбінесе бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруға байланысты», — өңір басшысы.

Мысалы, 2021 жылы «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасын іске асыруға 7 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді, соның арқасында 1 861 жоба қолдау тапты, бұл 2020 жылғы деңгейден 2 есе артық. Бөлінген қаражат толық көлемде игерілді.

2021 жылы өндірістік инфрақұрылымды жүргізуге шамамен 1,5 млрд теңге бөлінді, оның есебінен 10 жобаға қолдау көрсетілді. 

Сондай-ақ «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы белсенді жүзеге асып жатыр. Осы тетік іске қосылғаннан бері облыста 65 млрд теңге сомасына 317 жоба қаржыландырылды.

«Еңбек» бағдарламасы аясында 2021 жылы микрокредит берумен 329 кәсіпкерге жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеге, сондай-ақ 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі 638 грантқа қолдау көрсетілді. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 1 613 адам оқытылды.

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаны іске асыруға биыл облысқа 10,6 млрд теңге бөлінді, оның аясында шамамен 1 800 жобаны қолдау жоспарланған. Биылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 857,5 млн теңге сомасына 55 жоба мақұлданды. Одан бөлек, Жұмыспен қамту жол картасы аясында қаражатты игеруді аяқтау жоспарланып отыр, оның қорытындысы бойынша 30-ға жуық жоба қолдау табады.

Сондай-ақ машина жасау саласында, агроөнеркәсіптік және тау-кен металлургия кешендерінде 2,3 млрд теңге сомасына жетіспейтін инженерлік инфрақұрылымды жүргізу бойынша 6 жоба іске асырылуда. Мемлекеттік қолдаудың бұл шарасы кәсіпкерлер, оның ішінде облыс аумағында, оның ішінде Қостанай қаласындағы индустриялық аймақ аумағында өз жобаларын іске асыратын инвесторлар арасында сұранысқа ие, ол шағын және орта бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар ұсынады. 

Сонымен қатар әкім Индустриялық аймаққа коммуникация өткізуге жұмсалған әрбір бюджеттік теңгеге 38 теңге жеке инвестиция тартылғанын атап өтті. Осы жыл ішінде республикалық бюджет комиссиясының қарауына жалпы сомасы 4,7 млрд теңгеге тағы 3 жобаны ұсынуды жоспарлап отырмыз. Бұл шамамен 4,1 млрд теңге сомасына теміржол салу және электрмен жабдықтау бойынша KamLitKZ жауапкершілігі шектеулі серіктестік іске асыратын екі жоба. Сондай-ақ шамамен 600 млн теңге сомасына кабиналар өндіру зауыты — «МТЗ-Қазақстан» ЖШС-ға теміржол салу. 

Жүйелі жұмыстан басқа, облыстың шалғай өңірлерінде, атап айтқанда, Арқалық моноқаласында бизнесті дамыту жөніндегі нақты іс-шараларға көп көңіл бөлінеді, олардың оң нәтижелері туралы бүгін айтуға болады. Мәселен, он жыл жұмыс істемей тұрған тері дайындау және қайта өңдеу бойынша «Үміт» ЖШС кәсіпорны реанимацияланды, облыс әкімдігі кәсіпорынның жарғылық капиталына 200 млн теңге сомасында қаражат салды. Қазіргі уақытта кәсіпорын тұрақты жұмыс істеп тұр, қазақстандық, ресейлік және өзбекстандық компаниялармен өнімді жеткізуге шарттар жасалды. Осы кәсіпорынның жанында арнайы киім тігіп, тері дайындайтын шағын кәсіпорындар желісі құрылды.

Осы тәжірибені ескере отырып, биыл Амангелді, Жангелдин және Науырзым аудандарында тері дайындау жөніндегі осыған ұқсас орталықтарды ашу мәселесі пысықталуда. Сондай-ақ Арқалық қаласында аяқ киім, былғары галантерея және қайыс-ертоқым бұйымдары өндірісін ұйымдастыру жоспарда бар.

Сонымен қатар конвейерлік роликтерді өндіру бойынша жоба белсенді пысықталып жатыр. Жобаның бастамашылары жергілікті кәсіпорындар – «Керейт» ЖК және «ARQALYQREMSERVIC» ЖШС. Бұл кәсіпорындар Торғай боксит кен басқармасының бұрынғы өндірістік цехтарында жұмыс істейді. Шығарылатын өнімді «ERG» компаниясы тобының кәсіпорындарына жеткізу жоспарлануда. 

«Облыс әкімдігі "Атамекен" ӨКП-мен бірлесіп "бір терезе" қағидаты бойынша бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасауда. "Атамекен" кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының базасында "Бизнеске арналған үкімет" фронт-кеңсесі, Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы, сондай-ақ тауардың шығуын сертификаттау орталығы жұмыс істейді. Биыл орталық базасында 3 283 қызмет көрсетілді», — деп мәлімдеді Қостанай облысының әкімі.

2021 жылы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті өткізген Бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша өңірлер рейтингінсіндегі 2-ші орын — жүргізіліп жатқан жұмыстың көрсеткіші.

Шымкент қаласында 2020 жылы іс-әрекеттегі шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 69,9 мың бірлікті құраса, 2021 жылдың қорытындысы бойынша іс-әрекеттегі ШОБ саны 75,3 мың бірлікті құрады, осылайша 7,7%-ға өскен. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев мәлімдеді.

Сондай-ақ 2021 жылдың қорытындысы бойынша келесі көрсеткіштердің өсімі байқалады: 

- ШОБ субъектілерімен өндірген өнім көлемі – 1 097,5 млрд теңге, өсім 103,2%-ды құрады. 

- Жалпы өңірлік өнімдегі ШОБ үлесі 41,3%-ға жетті, 2020 жылы бұл көрсеткіш 34% болған.

Қала әкімінің орынбасары «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың қаладағы бизнесті мемлекеттік қолдаудың негізгі драйвері екенін атап өтті. Осы бағдарлама аясында 2021 жылы жалпы 2 525 жоба қолдау тапты, оның ішінде: 

- сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бойынша – 1 357 жоба, несие сомасы – 80,6 млрд теңге;

- ішінара кепілдендіру бойынша – 1 126 жоба, кепілдік сомасы – 7,2 млрд теңге.

Сонымен қатар «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында несие сомасы 74,5 млрд теңгені құрайтын 79 жобаға қолдау көрсетілді. «Еңбек» бағдарламасы аясында 816,1 млн теңгеге 74 шағын несие берілді. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 674,5 млн теңге сомасына 65 шағын несие берілді. 

Шағын және орта бизнесті дамыту және қолдау мақсатында 2022 жылға 15,6 млрд теңге қарастырылып отыр, бұл қаражат «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында мынадай бағыттар бойынша жұмыс істеу жоспарланып отыр: 

  • банк несиелерін субсидиялау және кепілдендіру – 2 000 жоба; 
  • мемлекеттік гранттарды ұсыну – 1 190 жоба. 

«Сонымен бірге қалада индустриалды аймақтар белсенді дамып келеді. Қалада 3 индустриялық аймақ және "Оңтүстік" арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Осы аймақтарда 10 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары құрылып, жалпы сомасы 250 млрд теңгені құрайтын 181 жоба іске асырылуда», — деп мәлімдеді А. Сәттібаев.

Биыл қаңтар айында қалада жаппай тәртіпсіздік кезінде жалпы сомасы 194,9 млн теңгеге 26 ШОБ субъектісі зардап шекті. Бүгінде зардап шеккен 21 кәсіпкерден 116,1 млн теңге сомасына өтінім келіп түсті. Өңірлік комиссия тарапынан 106,7 млн теңгені құрайтын 18 өтінім қаралып, мақұлданды, құжаттардың толық болмауына байланысты 3 өтінім қайта толықтыруға жолданды. Бүгінгі таңда 12 кәсіпкердің 95,9 млн теңге шығыны өтелді. 

Шымкент қаласында шағын және орта бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларынан басқа «Іскер қала» өңірлік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осы өңірлік бағдарлама шеңберінде жас және әйел кәсіпкерлер үшін жылдық 1%-бен 10 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несиелер қарастырылған. 

Сонымен қатар қалада өнеркәсіптік парктерді дамыту бойынша шаралар қабылданып жатыр, оның аясында кәсіпкерлерге тоқтап тұрған өндірістік кәсіпорындардан өнеркәсіптік алаңдар беріледі, сондай-ақ оларға өнеркәсіптік парк аумағында өз жобасын іске асыру үшін 2%-бен 50 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несиелер беру қарастырылған.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу