Жыл басынан бері Қазақстан экономикасы 6,2%-ға өсті

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Үкімет отырысында сыртқы экономикалық ахуалдың тұрақсыздығына және геосаяси шиеленістің өсуіне қарамастан, Қазақстан экономикасы орнықты өсуді көрсетіп отырғанын хабарлады.

Оның айтуынша, Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша 2025 жылы әлемдік экономиканың өсу қарқыны 2,8%-ға дейін баяулайды деп күтілуде. Бұл ретте бірінші жартыжылдықта Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы барреліне 7 71,7 құрап отыр.

2025 жылғы қаңтар-маусым айларының қорытындылары бойынша Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 6,2%-ға жетті, бұл алғашқы бес айдағы көрсеткіштен 0,2 пайыздық тармаққа жоғары. Бұл соңғы 14 жылдағы ең жоғары мән болып отыр. Нақты сектор 8%-ға, қызмет көрсету секторы 5,2%-ға өсті. Негізгі драйверлердің ішінде көлік және құрылыс саласы аталды, сондай-ақ сауданың жандануы, тау-кен және өңдеу өнеркәсібінің 5,5%-ға, ауыл шаруашылығының 3,7%-ға өскеніне де назар аудартылды.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар 19,3%-ға өскен. Білім беру (3,5 есе), қаржылық қызмет (+86,2%), өңдеу өнеркәсібі (+48,9%), денсаулық сақтау (+32,8%) және көлік (+16,2%) сияқты салалар айтарлықтай өсім көрсетті.

Сыртқы сауда айналымының көлемі қаңтар-мамыр айларында 53,5 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде экспорт – $29,8 млрд, соның ішінде өңделген тауарлар экспорты – $10,2 млрд. Импорт $23,8 млрд. құрады. Сыртқы саудада белсенділік төмендегеніне қарамастан, оң сальдо сақталып қалып отыр – $6 млрд.

Серік Жұманғарин көлік және сауда қызметтерінің өсуіне жаңа егіннің астық экспорты 35,2%–ға, яғни астық баламасында 11,8 млн тоннаға дейін ұлғайту елеулі үлес қосқанын атап өтті. Экспорттың негізгі бағыттары Өзбекстан, Тәжікстан, Иран және Әзірбайжан болды.

Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі машина жасауда (+11,1%), тамақ өнеркәсібінде (+10%), мұнай өңдеуде (+9,6%), металл бұйымдарын (+14,6%), құрылыс материалдарын (+8,6%) және химиялық өнімдерді (+7%) өндіруде өсу есебінен 5,5% - ға ұлғайды.

Вице-премьердің айтуынша, өңдеу секторындағы өсу қарқыны алдағы уақытта күшейтіле түспек, өйткені, бұл мәселе Үкіметтің ерекше бақылауында тұр. Әрбір салалық министр тиісті кәсіпорындардың экономикасына тікелей жауап береді.

Тау-кен өнеркәсібі де жоғары өсу қарқынын сақтап қалды - +8,4%, бұл мұнай өндірудің 11,6% және көмір өндірудің 11,7% өсуімен мүмкін болып отыр. Сонымен қатар, металл кендерін өндіру де тек 0,3% - ға өсті.

Алдын ала күтілгендей, жазғы кезеңнің басталуымен құрылыс саласы  жандана түсті. Өсім 18,4% құрады, 7,9 млн м2 тұрғын үй пайдалануға берілді, өткен жылмен салыстырғанда бұл 6,6%-ға артық.

Бірінші жартыжылдықта мемлекеттік бюджеттің кірісі 11,4 трлн теңгені құрады, бұл жоспардың 106,7%-ы және өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 118,8%. Бұл салық тәртібін нығайту және экономиканың өсуінің арқасында мүмкін болды.

Серік Жұманғарин тұрақты өсудің негізі нақты сектор болып қалып отырғанын айтып отыр. Сондықтан да, капиталды көп қажет ететін және перспективалы салаларға баса назар аударылатын болады. Олар - өңдеу және тау-кен өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік кешен мен инфрақұрылымдар. Бұл секторларға мемлекеттік қолдау ішінара және нәтижелі түрде көрсетілмек.

Автожол және теміржол инфрақұрылымын дамытуға 2 трлн теңге көлемінде мемлекеттік кепілдіктер көзделген, бұл 12,1 мың шақырым автожолдар мен 5 мың шақырым темір жолдарды қамтуға мүмкіндік береді. Жақын арада экономиканың тиімді өсуі бағдарламасын әзірлеу жоспарлануда.

Өсімге қаржы құюда «Бәйтерек» холдингі ерекше рөл атқарды, ол тек бірінші жартыжылдықта басым салаларды қолдауға 2,9 трлн теңге бағыттады. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 8 трлн теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр, бұл экономикаға шамамен 1,3 тармаққа қосымша өсуді қамтамасыз етеді. 

Биыл салық-бюджет саласындағы реформаларды іске асыру басталды. Қабылданған Бюджет кодексі шығыстардың тиімділігін арттыруға, фискалдық және монетарлық саясатты үндестіруге арналған. Алғаш рет жергілікті бюджеттер Өңірлік стандарттар жүйесі негізінде қалыптастырылатын болады.

Маусым айында Парламент жаңа Салық кодексін қабылдады. Үкіметтің бағалауы бойынша, 2026 жылдан бастап оны іске асыру бюджетке 3-5 трлн теңге мөлшерінде қосымша түсімдерді қамтамасыз етеді.

Серік Жұманғарин Қазақстан жаһандық тұрақсыздық жағдайында да инвестициялық рейтингті сақтап отырғанын атап өтті. S & P ақпан айында елдің рейтингін BBB деңгейінде тұрақты болжаммен растады. Екінші жартыжылдықта егеменді рейтингті арттыру үшін халықаралық рейтингтік агенттіктермен жұмыс күшейтілетін болады.

Вице-премьер хабарлауынша, маусым айында Қазақстан $2,5 млрд сомасына еуробондтарды сәтті орналастырды. Бұл капитал нарықтарына оралғаннан кейінгі екінші орналастыру. Оның айтуынша, инвесторлардың Қазақстан экономикасына деген сенімі жоғары деңгейде сақталып тұр.

Үкімет инвестициялық саясатты жетілдіруді жалғастыруда. 2025 жылы шамамен $25 млрд тікелей шетелдік инвестиция тарту жоспарлануда. Ол үшін өңірлік инвестициялық бағдарламалар іске асырылуда, ал Fast track («жасыл дәліз») жүйесі бойынша 134 инвестор жеделдетілген мемлекеттік қызметтерді алды.

«Инвестицияларға тарифті айырбастау» саясаты шеңберінде реттелетін тарифтердің орташа өсімі 14%-ды құрады, бұл ТКШ инфрақұрылымын жаңартуға 150 млрд теңгеден астам қаражат жұмсауға мүмкіндік берді. Жыл соңына дейін салаға құйылған инвестициялардың жалпы көлемі 1 трлн теңгеден асады. Бұл ретте халыққа салмақ салмау үшін тарифтердің жоспарлы өсуі тежелмек, олар электрмен және жылумен жабдықтау бойынша 35-тен 20%-ға, сумен жабдықтау, кәріз және газ бойынша 50-ден 30%-ға дейін төмендетілетін болады.

Елімізде ауқымды жекешелендіру жалғасуда. Жекешелендіруге арналған тізбеге ОЭК, АӨК, БАҚ, Көлік және байланыс салаларындағы 475 субъект енгізілген. Мемлекеттік секторды оңтайландыру кезең-кезеңмен жүргізілетін болады. Жыл соңына дейін мемлекеттік активтерді оңтайландырудың 2026-2030 жылдарға арналған жаңа жоспарын бекіту күтілуде.

Ауылдық аумақтарды қолдауға ерекше назар аударылып отыр. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 2025 жылы ауылдар мен шағын қалалардың инфрақұрылымын дамытуға 206,4 млрд теңге қарастырылған, 1000-нан астам жоба жоспарланған. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарына 50 млрд теңгеге 5 мыңға жуық шағын несие беру жоспарлануда.

Сондай-ақ, Қазақстан Халықаралық экономикалық позицияларын нығайтуды жалғастыруда. Мамыр айында 97 елден келген 6 мың адам қатысқан Astana International Forum-ы өтті. Форум барысында ЭЫДҰ-мен Еуразиялық бәсекеге қабілеттілік бағдарламасы бойынша келісімге, сондай-ақ Дүниежүзілік банк тобымен әріптестік туралы негіздемелік келісімге қол қойылды.

Сөз соңында вице-премьер жыл соңына дейінгі негізгі мақсаттарға тоқталды. Олар - экономикалық өсімді 6%-дан төмендетпеу, инфляцияны 10-11%-ға дейін төмендету (2026 жылы-10%-дан төмен), $25 млрд инвестиция тарту, негізгі капиталға инвестицияларды 26 трлн теңгеге дейін және ЖІӨ-дегі ШОБ үлесіне шамамен 40%-ға жеткізу.

Экономиканың сапалы өсуін қамтамасыз ету және азаматтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі жүйелі шаралар жалғаса беретін болады.

#Инвестициялар #Серік Жұманғарин #Экономика #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу