08 Желтоқсан 2023, 19:41
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов баспасөз конференциясында 2023 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық даму туралы айтты.
Макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биылғы І жартыжылдықта жалпы өңірлік өнім көлемі 6,7 трлн теңгені құрады. Нақты көлем индексі – 103,8%.
«Республиканың жалпы ішкі өніміндегі облыс экономикасының үлесі – 14,1%. Ал жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім – 9,6 млн теңге. Жыл басынан бері салықтық және басқа да міндетті түсімдер 4,8 трлн теңгені құрады. Оның ішінде мемлекеттік бюджетке 2,3 трлн теңге, Ұлттық қорға 2,5 трлн теңге аударылды», — деді Серік Шәпкенов.
Аймақ басшысы өңірдің макроэкономикалық көрсеткіштеріне де тоқталып өтті. Оның мәліметінше, биыл 10 айда өнеркәсіп өнімінің көлемі 9 135,8 млрд теңгені, тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі өнім көлемі 8 446,4 млрд теңгені, өңдеу өнеркәсібінде өнім көлемі 563,8 млрд теңгені құрады. Сондай-ақ сауда қызметінің көлемі 5 164,2 млрд теңге, құрылыс жұмыстары 972,5 млрд теңгеге орындалды. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 123,4 млрд теңгені құрады.
Серік Шәпкенов өз баяндамасында өнеркәсіпті дамытуда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
«2023 жылдың қаңтар-қазан айларында өңірдегі өнеркәсiп өнiмiнің көлемi өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14,1%-ға өсіп, 9,1 трлн теңгені құрап отыр.Оның ішінде 8,4 трлн теңгесі тау-кен өндіру өнеркәсiбiне тиесілі. Ал өңдеу өнеркәсібінде 563,8 млрд теңге өнім өндірілді. Сонымен қатар 43,9 млн тонна мұнай, 22,7 млрд текше метр ілеспе мұнай газы өндiрілді немесе былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда мұнай өндіру – 6,3 млн тоннаға және ілеспе мұнай газын өндіру 2,5 млрд текше метрге көбейді. Жалпы республикадағы өнеркәсіп өнімінің 24 пайызы Атырау облысына тиесілі», — деді өңір әкімі.
Облыс әкімі Серік Шәпкенов Атыраудың негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 2,4 трлн теңгені құрағанын мәлім етті. Оның айтуынша, инвестиция тартудан республика бойынша Атырау облысы көш бастап тұр.
«Тұтастай алғанда, елімізге тартылған инвестициялардағы Атыраудың үлесі 18,3%-ды құрайды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі – 2,4 трлн теңге. Оның ішінде сыртқы инвестиция 902,5 млрд теңгені, ішкі инвестиция 1 533,6 млрд теңгені құрады. Өткен жылы Атырау облысында-«NCOC» компаниясының теңіз түбін тереңдету жобасы мен «КРІ» ЖШС-ның полипропилен өндірісі жобасы аяқталды. Соның себебінен негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі төмендеді. Есепті кезеңде облысқа $3,5 млрд көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Оның ішінде, тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазуға $3,4 млрд, құрылысқа $114,2 млн, кәсіби, ғылыми-техникалық қызметке $22,9 млн, басқаларына $3,8 млн АҚШ доллары», — деді Серік Шәпкенов.
Биыл облыста 3 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Солардың бірі құны 76 млрд теңгені құрайтын Атырау қаласынан жүк тасымалдайтын теміржол вагондарын жасау зауыты. Қуаттылығы жылына 6 000 вагон. Зауытта 1 700 адам жұмыспен қамтылады. Іске асыру мерзімі – 2024-2026 жылдар. Ал сұйытылған газ сақтау қоймасы жобасының құны $18 млн. Қоймада 3 000 тонна (6 000 текше метр) газ сақтауға болады. 60 жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар жылына 1 323 тонна көкөніс алуға мүмкіндік беретін жылыжай құрылысы, жоба құны 8 млрд теңге. Жылыжайда 60 адам еңбек етеді.
Бұдан бөлек, осы жылы Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында ашу жоспарланған 3 жобаның іске қосу мерзімдері объективті себептерге байланысты 2024 жылға ауыстырылды. Қазіргі уақытта аталған жобаларда жұмыс жүріп жатыр.
Серік Шәпкенов Атырауда ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі төрт есеге өскенін хабарлады. Бұл салаға салынған инвестиция көлемі – 4,3 млрд теңге. Ал ауылшаруашылық өнімдерінің жалпы шығарылымы 5,9 млрд теңгеге өсіп, 123,4 млрд теңгені құрды. Нақты көлем индексі 1,8%-ға артты. Оның ішінде мал шаруашылығында 70,1 млрд теңге, егін шаруашылығында 50,9 млрд теңге.
«Қазіргі кезде егін жинау жұмыстары толықтай аяқталып, 199 919 тонна өнім алынды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 105,4%-ға немесе 10 359 тоннаға артты. Ауыл шаруашылық субъектілерін қолдау мақсатында субсидиялау көлемі өсіп, 4,5 млрд теңге субсидия төленді Биыл облыс көлемінде 224,5 мың гектарды құрайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы 267 жер учаскесі мемлекетке қайтарылды, оның 223,3 мың гектары жайылым жерлер. Сонымен қатар 600 мың тонна ірі сабақты мал азығы дайындалды. Су үнемдеу технологияларымен өсірілетін егістік алқаптарының ішінде жаңбырлатып суару көлемі 1 997 гектарға дейін ұлғайды, бұл мал азығы дақылдарын егу кезінде 1 гектар жерден 55 центнер өнім алуға мүмкіндік береді», — деді өңір басшысы.
Биыл жергілікті бюджеттен 577,7 млн теңге бөлініп, облыстың ветеринариялық ұйымдарына 42 бірлік қызметтік автокөлік сатып алынды. Бұл облыстың эпизоотиялық жағдайын тұрақтандыруға ықпал етеді.
Өңірде тауарлы балық өсіру және балық өңдеу көлемін арттыру мақсатында, Махамбет ауданында «А-Дана» шаруа қожалығымен қуаттылығы жылына 85 тонна тауарлы балық және 15 млн дана бекіре тұқымдас балық шабағын өсіретін жоба іске асырылуда. Аталған жобаны іске асыру үшін жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге қарастырылды.
Сондай-ақ Құрманғазы ауданында жылына 6 мың тонна балық өңдейтін және 1 100 тонна тауарлы балық өсіретін «СефКаспийФиш» ЖШС-не қарасты Шортанбай балық зауытын жаңарту жобасына жергілікті бюджеттен 12 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінеді.
Серік Шәпкенов Атырауда халықты тұрғын үймен қамтитын бағдарламалар өз нәтижесін көрсетіп келеді деп мәлімдеді. Оның айтуынша, биыл облыста коммуналдық тұрғын үй қорынан 242 азаматқа пәтер кілті табысталды. Бұл бағытта бюджет есебінен қаражат бөлініп, 292 пәтер сатып алынуда. Жалпы аймақта 10 айда 558,3 мың шаршы метр тұрғын үй (4 206 пәтер) пайдалануға берілді. Оның ішінде 390,2 мың шаршы метр (2 430 пәтер) жеке тұрғын үй, 168,1 мың шаршы метр (1 776 пәтер) коммерциялық тұрғын үй.
«Бұдан бөлек, халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің басқа да тетіктері қолданылып жатыр. Тиісті қаражаттар қарастырылып, бірқатар өңірлік бағдарламалар қабылданды. Мысалы 35 жасқа дейінгі жастарды тұрғын үймен қамту үшін «Атырау жастары» бағдарламасына жергілікті бюджет есебінен 1 млрд теңге бөлінді. Алғашқы кезеңде 100-ге жуық жас маманды баспанамен қамту жоспарланған болатын. Жоспарымыз толықтай орындалып, бағдарлама өз нәтижесін көрсетті. Алдымыздағы жылы бағдарлама жалғасады», — деді аймақ әкімі.
Сондай-ақ Серік Шәпкенов «Бақытты отбасы – Атырау» өңірлік бағдарламасы шеңберінде көпбалалы аналар, толық емес отбасылар және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылардың өтінімдерді қаралып жатқанын айтты. Осы мақсатқа бюджет есебінен 3 млрд теңге қаражат бөлінді. Бүгінгі таңда 38 отбасы тұрғын үймен қамтылып, 26 отбасының өтінімдері мақұлданды. Бұл бағдарламаның ерекешелігі сол, қатысушыларға бастапқы жарнасыз, қолданыстағы үйді (2-ші нарықтағы үй) сатып алуға мүмкіндік беріледі.
Жалпы облыс бойынша техникалық құжаты бар апатты үйлердің саны 8-ге азайып, бүгінде 104 үй есепте тұр (2022 ж – 112 үй). Мәселені шешу үшін 2029 жылға дейін апатты көп пәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындарын көшіру бағытында Жол картасы бекітілді. Қазіргі таңда бюджет есебінен, сонымен қатар жеке инвесторларды тарту тетігімен реновация бағдарламасы шеңберінде апатты үйлердің тұрғындардын көшіру және бұзу жұмыстары жүріп жатыр. Жол картасына сәйкес, биыл апатты деп танылған Жылыой ауданы Құлсары қаласында 8 үйдің тұрғындары «NCOC» мекесімен тапсырылған 60 пәтерлік үйге көшірілді. Жергілікті бюджет есебінен қаражат қарастырылып, 78 пәтер сатып алынды.
Индер ауданында 3 апатты үйдің тұрғындары және Атырау қаласындағы апатты үйдің тұрғындары көшірілді. Сонымен қатар жыл соңына дейін Атырау қаласында апатты деп танылған 3 көп пәтерлі үйді көшіру жоспарланып отыр. Жол картасына сәйкес жұмыстар жалғасады.
Атырау облысының әкімі аймақтағы электр жүйесіне тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта облыс үшін маңызды нысандардың бірі «KEGOC» АҚ Батыс аймағының электр желісін кеңейту мақсатында 220 кВ «Орал-Атырау-Құлсары-Бейнеу» 792 шақырым желісінің екінші тізбегінің жұмыстарын аяқтады. Бұл желіні іске қосу арқылы Ресейден 200 МВт электр қуатын алуға болады.
«Сондай-ақ «Қазақстан Темір Жолы» ҰҚ» АҚ қарасты облыстағы 13 елді мекендегі электр желілерін ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Биыл Қызылқоға ауданының Жантерек, Мұқыр ауылдарында, Мақат ауданының Доссор, ПМС бекетіндегі электрмен жабдықтау жұмыстары аяқталды. Жыл соңына дейін Кенбай ауылында электр желілерін ауыстыру жұмыстарын аяқтаймыз. Сонымен қатар бюджет есебінен тиісті қаражат бөлініп, осы жылдың қараша айында Атырау қаласының Зарослый ауылы тұрақты электр желісімен және көше жарығымен қамтылды. Ал Береке, Сарыөзек елді мекендерін тұрақты электр энергиясымен қамту үшін жүріп жатқан жұмыстар осы жылы аяқталып, іске қосылады. Осы жұмыстардың нәтижесінде биыл облыста 249,8 шақырым электр желісі жаңартылды», — деді Серік Шәпкенов.
Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы 250,1 шақырым болатын Атырау қаласындағы және Томан, Ақкөл, Сағыз, Мақат елді мекендеріндегі электр желілерін ауыстыру жұмыстарын 2024 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Серік Шәпкенов Атырауда газ көлемін ұлғайту үшін ірі жобалар қолға алынғанын мәлім етті. Жалпы Атырау облысында 2 қала мен 137 ауылдық елді мекенде табиғи газ бар. Халықтың 99,8%-ы көгілдір отынмен қамтылған. Осы жылдың қараша айында Қызыл үй және Жасқайрат ауылдарына газ желісі тартылып, 102,6 шақырым газ құбыры жүргізілді. Нәтижесінде 300-ге жуық халық табиғи газбен қамтылды. Сонымен қатар 6 ауылда газ құбырының құрылысы жүріп жатыр.
Қазіргі уақытта қаланың оң жағалау бөлігінің тұрғындарын табиғи газбен 1994 жылы пайдалануға берілген, қуаты 50 мың текше метр болатын «Финская» АГТС қамтып отыр. Алайда оның тозығы жетуіне және тұтынушылар санының көбеюіне байланысты табиғи газбен толық қамти алмайды. Осы ретте «ҚазТрансГазАймақ»АҚ II санаттағы тұтынушыларды газбен қамту үшін техникалық шарт беруге шектеу енгізді. Бұл ретте газ тарату стансасын кеңейту үшін өткізу қабілеті сағатына 120 мың текше метр болатын жаңа станцияның және 46,8 шақырым болатын магистралды газ құбырын салу үшін қажетті құжаттар дайындалды. Жұмыстар келер жылы басталады деп жоспарланып отыр.
Сонымен қатар «Газпром» ЖАҚ мен «УзТрансГаз» АҚ-ның шартына сәйкес 2023 жылдың қазан айында ресейлік газды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Өзбекстан Республикасына тасымалдау басталды.
«Газды тасымалдау Батыс Қазақстан, Атырау облыстарының аумағы арқылы Индер кентіне дейін «САЦ-4» DN 1420 мм магистралды газ құбырымен, Индер кенті маңында «САЦ-5» магистралды газ құбырына ауыстырылып, әрі қарай Атырау, Маңғыстау облыстарының аумағымен «САЦ-5» DN 1220 мм магистралды газ құбыры арқылы іске асырылады. Тасымалдау маршрутының ұзындығы Ресей Федерациясының шекарасынан Өзбекстан Республикасының шекарасына дейін 823 шақырымды құрайды. Аталған маршруттың ерекшелігі тасымалдау Қазақстан Республикасының аумағында тасымалдау бөлінген дәлізбен газды компримирация жасамастан іске асырылады. Газды тасымалдаудың максималды көлемі тәулігіне 18 млн текше метрді құрайды», — деді Серік Шәпкенов.
Сондай-ақ облыста тамыз айында «Мақат-Солтүстік Кавказ» магистральдық газ құбырының лупингін салу жұмыстарды аяқталып, іске қосылды. Жоба «QazaqGaz» компаниясының қаражаты есебінен іске асырылып (99,8 млрд теңге), 130 шақырым газ құбыры тартылды. Жоба аясында өңірдің газға деген қажеттілігін жабуға, арнайы экономикалық аймақ қатысушыларына газдың үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етуге және «Мақат-Солтүстік Кавказ» магистральдық газ құбырын жөндеу жұмыстары кезеңінде газ берудегі шектеулерді болдырмауға мүмкіндік береді.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов аймақтағы кәсіпкерлерді қолдау жұмыстарына да тоқталды.
«Бизнестің жол картасы – 2025» Ұлттық жобасы шеңберінде биыл бюджеттен 12,3 млрд теңге бөлініп, бүгінгі күні несие сомасы 35,8 млрд теңге болатын 816 кәсіпкер жобасы қолдау тауып, олармен 550 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Яғни, «Субсидиялау» құралы шеңберінде 23,9 млрд теңге кредиттің жалпы сомасына 428 жоба, «Кепілдендіру» құралы шеңберінде 11,9 млрд теңге кредиттің жалпы сомасына 388 жоба мақұлданды. Сонымен қатар биыл облыста «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға 1,5 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржыға 188 жобаны іске асыру жоспарланды. Осы уақытқа дейін несие алуға 2,3 млрд теңгеге 280 өтінім түсті. Оның 1,2 млрд теңгеге 150 өтінімі мақұлданып, 1,1 млрд теңгеге 137 өтінім қаржыландырылды, — деді Серік Шәпкенов.
«Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде қаржыландырылған өтінімдердің ішінде 110 несие мал шаруашылығы саласына, 13 кредит ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға, 1 несие жылыжай салуға және 13 несие басқа да бизнес түрлерін бастауға берілді. Сондай-ақ 2023 жылы ауыл кәсіпкерлерін несиелендіру үшін бюджеттен 1 млрд теңге бөлініп, 81 ауыл кәсіпкерінің жобасы қаржыландырылды.
Серік Шәпкенов Атырауда жыл соңына дейін алты балабақша пайдалануға беріледі деп мәлім етті. Жалпы биылғы жылдың басынан бері облыста үш балалабақша пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 1 740 балаға арналған 6 балабақша өз есігін ашады.
«Аталған балабақшаларды ашылған соң, мектепке дейінгі біліммен қамтылатын бала саны 82 пайыздан 87 пайызға ұлғаяды. Облыстағы 72 ұйым 49 258 баланы қосымша біліммен қамтып отыр.6 153 бала ерекше білім беруді қажет етеді, оның 4 071-і мектеп жасында, 2 082-сі – мектепке дейінгі жаста. Аймақта 25 инклюзивті қолдау кабинеті жұмыс істейді, биыл тағы 4 қолдау кабинеті ашылды.Сонымен қатар, өңірде №42 мектеп жанынан психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті және №2 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес қызметі ашылды», — деді аймақ басшысы.
Серік Шәпкенов аймақта пайдалануға берілген мектептер туралы айтты. Оның айтуынша, биыл 12 340 оқушыға арналған 10 мектеп пайдалануға берілді.
«Жыл соңына дейін 1 200 оқушыға арналған тағы 1 мектеп ашылады. Бұдан бөлек, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 15 600 оқушыға арналған 9 мектептің құрылысы басталды. 2024 жылы 9 200 оқушыға арналған 3 мектептің құрылысын бастап, 2025 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ 2024-2025 жылдары жергілікті бюджет есебінен 50 мектепке қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Ал осы жылы 3 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Жыл соңына дейін 6 мектепте, 2024 жылы 1 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады», — деді Серік Шәпкенов.
Сонымен қатар осы жылы оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 23 автобус сатып алынды.
Аймақ басшысы өңірдің цифрландыру жүйесіне тоқталды. Қазіргі уақытта облыста 153 ауылдық елді мекеннің 132-сі интернетпен қамтылған. Жалпы халықтың интернетпен қамтылу үлесі 99,2%-ды құрайды.
«Халық саны 250-ден астам ауылдық елді мекендерде кең жолақты интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету бағдарламасы бойынша байланыс операторлары 22 елді мекенде мобильді интернетке қолжетімділікті қамтамасыз етті. Қазіргі таңда Атырау қаласында халық көп шоғырланатын жерлерде 5G технологиясы бойынша интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ететін 8 базалық станция қондырылды, ағымдағы жылдың соңына дейін 16 базалық станция, ал 2024 жылдың соңына дейін 40 базалық станция қою жоспарланып отыр. Сонымен қатар «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 38 ауылдық елді мекенге талшықты оптикалық интернет желісін жүргізу және облыс бойынша облыстық және республикалық маңызы бар жолдарды үздіксіз байланыспен қамтамасыз ету жоспарланып отыр», — деді өңір әкімі.
Сонымен қатар Атырау қаласында қызметтерді цифрландыру мақсатында денсаулық сақтау, білім, транспорт және логистика және қауіпсіздік салаларында бірқатар жұмыс атқарылды.
«Қазіргі таңда Астана қаласының iQala жобасы мысалында, Атырау қаласының табиғи монополия субъектілерінің қызметтерін цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Аталған жоба осы жылдың соңына дейін іске қосылады. Сонымен қатар жергілікті «Атырау жастары» және «Бақытты отбасы» бағдарламалары бойынша өтініштерді қабылдауды, кезегін реттеуді цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.Атырауда Мемлекет басшысының креативті индустрияны дамыту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру бойынша өңірде жастар үшін креативті орталықтың жұмысын бастау жоспары тұр. Орталық мәдени өмірді дамытуға серпін беріп, жастарға кәсіби дағдылар мен білім, сондай-ақ Soft skills-ті жетілдіруге көмектесуге арналған», — деді Серік Шәпкенов.
Атырау облысында өңірлік IT-хаб ашу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жоба IT-жобаларды дамытуға және ілгерілетуге, сондай-ақ өңір кадрларының құзыретін арттыруға бағытталған. IT-хаб Astana Hub халықаралық технопаркінің өңірлік филиалы болады. Бүгінгі таңда дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жобаны іске қосу 2024 жылдың 1 жартысына жоспарланған. «Retarga» халықаралық жобасы аясында 30-дан астам маманды 3D модельдеу бойынша оқыту жоспарланып отыр. Қазіргі таңда, келіссөздер жүргізіліп, үй-жайды анықтау және жабдықтау жұмыстары жүргізілуде.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу