06 Қараша 2024, 17:20
6 қарашада Үкімет үйінде Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.
Қазақстанда мүгедектігі бар жандарды әлеуметтік қорғау шаралары қаралды. Тақырып шеңберінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, оқу-ағарту министрлері, өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі, Ақтөбе және Түркістан облыстарының әкімдері, сондай-ақ «ITeachMe» қоғамдық қорының директоры баяндама жасады. Отырыста Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2025 жылға арналған жоспарының жобасын әділет министрі таныстырды.
ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Әлеуметтік кодекске сәйкес мүгедектігі бар адамдар әділ қоғам құру, теңдік және әлеуметтік қорғау саласында адам құқықтарын шектеуге жол бермеу қағидаты бойынша мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етілетінін атап өтті.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, 2025 жылдан бастап созылмалы жұқпалы емес аурулардың асқынуларын ерте анықтау және алдын алу бойынша МСАК сапасын бағалаудың жаңа моделі енгізіліп, бұл мүгедектікті азайтуға мүмкіндік береді.
Қазіргі сәтте өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мүгедектігі бар адамдар үшін инфрақұрылым мен кедергісіз ортаны қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізуде.
Ерекше қажеттіліктері бар жандарды оқыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев баяндады.
Премьер-министр Еңбек министрлігіне әкімдіктермен және бизнеспен бірлесіп мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру мәселесіне ерекше назар аударуды тапсырды.
Денсаулық сақтау министрлігі мүгедектіктің алдын алу үшін сырқаттанушылықты ерте диагностикалау және ерте араласу жөніндегі жұмысты сапалы жақсартуы қажет.
Үкімет басшысы үйде мүгедек балаларды үздіксіз оңалту үшін инновациялық техникалық құралдарды іріктеу бойынша бірқатар өңірдің тәжірибесін кеңейтуді тапсырды.
Сонымен қатар, отырыс барысында Үкіметтің 2025 жылға арналған заң жобалау жұмысының жоспары мақұлданды. Премьер-министр Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін 19 заң жобасының 12-сі бағытталғанын атап өтті.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу