ҚР Үкіметінің отырысы, 07.11.2023

7 қарашада Үкімет үйінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысы өтті. 

  • Елімізде егін жинау науқаны аясында республиканың нан мен ұнға деген сұранысын толық қамтамасыз ету үшін жеткілікті астық жиналды. Бұл туралы ҚР Үкіметінің отырысы барысында айтылды. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, 16 млн тонна астық жиналады деп күтілуде. Осы жылға артылып қалған 3 млн тонна астықты қоса есептегенде, бұл республиканың нан мен ұнға деген сұранысын толық жабуға жеткілікті. Егін жинау науқанының нәтижелері туралы Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов және Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов айтып берді.

  • Премьер-Министр осы жыл ауа райының қолайсыздығына байланысты фермерлер үшін өте ауыр болғанын атап өтіп, отандық фермерлерге мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау туралы айтты. Сондай-ақ Үкімет басшысы суарудың заманауи технологияларын енгізу бойынша жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті, бұл су шығынын азайтуға және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Оған қоса еліміздің күрт құбылмалы климатына бейімделген жергілікті сорттарды өсіруге ерекше назар аудару керек. Әлихан Смайылов АӨК-тің ғылыми әлеуетін, оның ішінде дәнді дақылдардың отандық селекциясын дамыту бойынша нақты ұсыныстар, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту бойынша қосымша ынталандыру шараларын әзірлеуді тапсырды.

  • Үкімет отырысының күн тәртібіндегі келесі мәселе ретінде министрлер кабинетінің заң жобалау жұмыстары жоспарының 2024 жылға арналған жобасы қаралды. Әділет министрі Азамат Есқараев келесі жылы цифрлық технологияларды, әлеуметтік саланы, зияткерлік меншік институтын, инновациялық қызметті, ғарыш саласын және тағы басқа салаларды дамытуға бағытталған заң жобаларын әзірлеу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

  • Премьер-Министрдің айтуынша, келесі жылы Үкімет 16 заң жобасын әзірлеуді көздеп отыр, оның сегізі Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға бағытталған. Сондай-ақ Парламентке 4 жеке заң жобасын енгізу жоспарланып отыр. Оның ішінде Әлихан Смайылов жаңа Цифрлық кодекстің жобасын атап өтті. Ол отандық тәжірибе мен үздік әлемдік тәжірибені ескере отырып, цифрландыру саласындағы бірыңғай тәсілдерді айқындайды. Премьер-Министр Үкімет Аппаратына жоспардың жобасын Мемлекет басшысының келісуіне енгізуді тапсырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу