ҚР Үкіметінің отырысы, 31.10.2023

31 қазанда Үкімет үйінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысы өтті. 

  • ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қарағандыдағы Костенко атындағы шахтада орын алған өртке қатысты жағдай қаралды. Әлихан Смайылов ең алдымен Үкімет атынан және жеке өзінің атынан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтты. Бұдан кейін Министрлер кабинетінің мүшелері марқұм болған кеншілерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

  • Әлихан Смайылов Қарағанды ​​облысының әкімдігі мен Төтенше жағдайлар министрлігіне апатты жою жөнінде шаралар қабылдауды тапсырып, ең бастысы – қаза тапқандардың отбасыларына барлық көмекті көрсетіп, зардап шеккендердің денсаулықтарын қалпына келтіру екенін айтты. 

  • Қазақстанда азаматтарды қаржылық сауаттылық курстарымен қамтуды кеңейту, сондай-ақ несие беру және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау кезінде тәуекелдерді азайту бойынша заңнамалық түзетулер әзірлеу жоспарланып отыр. Аталған мәселелер ҚР Үкіметінің отырысында қаралды. Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов баяндама жасады.

  • Әлихан Смайылов Қаржы министрлігіне осы жылдың соңына дейін құжаттар беруді оңайлату және соттан тыс банкроттықты қолдану рәсімін жетілдіру жөнінде шаралар қабылдауды, Оқу-ағарту министрлігіне оқу бағдарламалары аясында қаржылық сауаттылық курстарын енгізу мәселесін пысықтауды, Ғылым және жоғары білім министрлігіне бұл мәселелерді жоғары оқу орындарымен бірге қарауды тапсырды.

  • Жыл соңына дейін ішкі туристер саны 9 млн адамға жетеді.  Бұл болжамды Үкімет отырысында Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев айтты. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 3 млн-нан астам қазақстандық ел ішінде саяхат жасаған, инвестиция көлемі 400 млрд теңгеден, ал кәсіпкерлердің табысы 100 млрд теңгеден асты.

  • Әлихан Смайылов туристік нысандарды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, туристердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған шараларды қабылдау, Қазақстанның шетелдегі туристік әлеуеті туралы белсенді ақпараттық науқан жүргізуді қамтамасыз ету, сондай-ақ туризм саласын цифрландыру және қызмет көрсету сапасын арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту қажеттігін атап өтті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу