03 Желтоқсан 2025, 13:34
2 желтоқсан күні Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті.
Өңдеу өнеркәсібін дамыту және цифрландыру мәселесі қаралды. Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндама жасады.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі баяндағандай, саладағы өндіріс көлемі 24 трлн теңгеден асты (+5,8%). Өсім ең алдымен металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдары сияқты негізгі сегменттердегі өндірістің артуы есебінен қамтамасыз етілді. Жыл соңына дейін 1,5 трлн теңгеге 190 жобаны іске қосу жоспарланған. Бұл 18 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.
2040 жылға қарай заманауи отын-мұнай-химиялық конфигурацияда қуаты 10 млн тонна мұнай өңдейтін жаңа үлкен сыйымдылықтағы ірі зауытты іске қосу және өңдеу қуатын 30-дан 40 млн тоннаға дейін арттыру жоспарлануда. Жаңа зауыттың өңдеу тереңдігі 95%-ды құрайды. Бұл жобаларды жүзеге асыру ішкі нарықтың жанар-жағармай материалдарына өсіп келе жатқан сұранысын 100 % қамтамасыз етуге, сондай-ақ мұнай өнімдерін көршілес елдерге экспорттауға мүмкіндік береді.
Өз кезегінде ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров салада атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталға салынған инвестициялар 60%-ға өсіп, 225 млрд теңгені құраған. Осы жылдың 9 айында экспорт көлемі $2,5 млрд құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32,4%-ға артты.
Денсаулық сақтау министрі осы жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша қазақстандық кәсіпорындар өндіріс көлемін 11,7%-ға арттырып, 156,6 млрд теңгеге жеткенін мәлімдеді. Көрсеткіштердің өсуі – дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өндіретін жаңа өндірістік желілердің іске қосылуының нәтижесі.
Өз кезегінде Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын Industry 4.0 стандарттарына көшіру жоспарланып отырғанын айтты.
Премьер-министр Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру бойынша басым міндет қойып отырғанын атап өтті. 10 айдың қорытындысы бойынша ЖІӨ құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 13%-ға жетті.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу