ҚР Үкіметінің отырысы, 03.03.2026

3 наурыз күні Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

Онда Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындауға, оның ішінде жаңа автожол жобаларын жүзеге асыру, өңіраралық желіні дамытуға назар аударылды.

Жиында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев саланың ағымдағы жағдайы мен даму жоспарлары туралы, «ҚазАвтоЖол» ҰК басқарма төрағасы Дархан Иманашев жол жұмыстарын жүзеге асыру және цифрлық шешімдерді енгізу туралы, Жол активтері сапасы ұлттық орталығының басшысы Болатбек Айтбаев  жол-құрылыс жұмыстарының сапасын бақылау туралы баяндады. Сондай-ақ Маңғыстау, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жетісу облыстары әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.

  • Көлік министрі жергілікті жолдар бойынша батыс өңірде жолдардың нормативтік деңгейі төмен екенін айтты. Сол мақсатта алдағы үш жылда жергілікті органдармен бірге өңірлік жолдар бойынша жұмыстар 5 есе артпақ. Жұмыстардың нәтижесінде 25 мың шақырым өңір жолдарының нормативтік деңгейі 95%-ға дейін көтерілмек. Жол құрылысымен қатар, үш жылдық жоспар аясында жөндеу жұмыстары да қарастырылған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2029 жылға дейін 10 мың шақырым жолға орташа жөндеу жүргізіледі. Қазіргі таңда оның 5 мың шақырымы жөнделді. Алдағы үш жылда қалған 5 мың шақырым жол жөндеуден өтпек.
  • Премьер-министр Олжас Бектенов «Қарағанды – Жезқазған», «Бейнеу – Сексеуіл» және басқа да жобалар бойынша биыл барлық қажетті жобалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтау керек екенін атап өтті. Сондай-ақ Астана, Арқалық және Ырғызды байланыстыратын «Орталық – Батыс» жобасын жеделдету қажет. 
  • Өз кезегінде «ҚазАвтоЖол» басшылығы 2025 жылдың қорытындыларымен жəне 2026 жылға жоспарларымен бөлісті. Оның айтуынша, көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында 2025 жылғы жол-құрылыс маусымында жалпы ұзындығы 8 мың 800 шақырым автожол барлық жұмыс түрлерімен қамтылды. Биыл 8 мың 900 шақырым автожолда жөндеу жұмыстары жүргізіледі, оның ішінде 3 мың 400 шақырым – құрылыс жəне қайта жаңарту жобалары, 324 шақырым – күрделі жөндеу, 5 мың 200 шақырым – орташа жөндеу. Сондай-ақ апаттық қауіпті жағдайда тұрған 53 көпірдің жөндеу жұмыстарына ерекше көңіл бөлінбек.  Осы жоспарланған тапсырмаларды жүзеге асыру үшін  10 млн текше метр фракциялық қиыршық тас, 210 мың тонна битум, 230 мың текше метр темір-бетон бұйымдары əзірленуде.
  • Премьер-министр транзиттік тасымал көлемінің артуына байланысты ауыр жүк көліктеріне де сапалы қызмет қажет екенін атап өтті. Сервистік сегменттің бұл түріне сұраныс жоғары, оны отандық бизнес ұсына алады. Жалпы, жаңа автожол жобаларын кешенді түрде жүзеге асырып, инфрақұрылымды дамытуды және жөндеу жұмыстарының толық көлемде аяқталуын қамтамасыз ету  қажеттігі атап өтілді.

 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу