3 маусым күні Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.
Онда отандық өндірісті дамыту және қолдау шаралары қаралды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев пен энергетика министрі Ерлан Ақкенженов осы жылдың қаңтар–сәуір айының қорытындысы бойынша баяндама жасады.
Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, 2025 жылғы І тоқсанның қорытындысына сәйкес, өңдеу өнеркәсібі 7,2%-ды құраған. Аталған кезеңде кәсіпорындар 8,8 трлн теңгеге өнім өндірген. Ең жоғары өсім машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс индустриясы және жиһаз өндірісі салаларында байқалады.
Ерлан Ақкенженов 2025 жылғы І тоқсанның қорытындысына сәйкес, энергетикалық сектор бойынша жер қойнауын пайдаланушыларының тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу көлемі 1,1 трлн теңгені құрағанын, оның ішінде елішілік құндылық 680 млрд теңгеге жеткенін, бұл жалпы көлемнің 60,2%-ды құрайтынын атап өтті.
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Премьер-министр министрліктерге бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, Қаржы министрлігі Цифрлық даму және Өнеркәсіп министрліктерімен бірлесіп, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінің автоматтандырылған жүйесін іске қосуды қамтамасыз етуі қажет.
Ал Өнеркәсіп министрлігі Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерімен бірлесіп, өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін, соның ішінде арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда инфрақұрылым салуды қаржыландыру жөнінде шаралар қабылдауы тиіс.
Бұдан бөлек, Өнеркәсіп министрлігіне озық технологиялық шешімдерді пайдалану арқылы импорт алмастыратын өндірістердің өсуін қамтамасыз ету үшін отандық кәсіпорындар арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны дамыту жөнінде нақты шаралар әзірлеу тапсырылды.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз