3 желтоқсанда Үкімет үйінде Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.
Геология саласын және ауыл мектептерін дамыту мәселелері қаралды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов және Ұлттық геологиялық қызметтің басшысы Ерлан Ғалиев геологиялық саладағы қазіргі жағдай мен жүргізіліп жатқан жұмыс туралы баяндады.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев соңғы 30 жылда Қазақстанда темір, марганец, алтын, уран, мұнай және газ қорларының өскенін хабарлады. Қазақстанның минералдық-шикізат базасына қатты пайдалы қазбалардың 987 кен орны кіреді және оларды барлау динамикасы оң күйінде қалып отыр. Қазақстанда геологиялық барлаудың озық әдістері белсенді енгізілуде. Солардың бірі – аэрогеофизикалық зерттеулер, ол жер қойнауының құрылымы туралы сапалы заманауи ақпарат беретін және жер қойнауын барлауға инвестиция тарту үшін қажетті деректер көзі болып саналады. Пилоттық жоба Қазақстанның перспективалы өңірлерін, соның ішінде Солтүстік Балқаш және Қалба-Нарым аймағын қамтиды. Жүргізілген реформа мен Министрлік қабылдаған шаралар елімізді геологиялық барлауға ірі халықаралық компанияларды тартты. 10 компанияның 2023 жылы жасаған инвестициясының жалпы көлемі шамамен 41 млрд теңгені (әлеуметтік міндеттемелер – 8 млрд.теңге) құрады және бұл 25 мың км² астам аумақты зерттеуді қамтамасыз етті.
Премьер-министр аталған бағыттағы жұмыстарға тың тәсілдер қажет екенін атап өтті. Қолда бар минералды-шикізат базасын ұтымды әрі тиімді пайдалану және жаңа кен орындарын игеру жөніндегі мемлекеттік саясаттың нақты іске асырылуын әзірлеу және қамтамасыз ету қажет.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім сапасын арттыру, материалдық-техникалық базаны жаңғырту және педагогтарды тарту шаралары туралы баяндама жасады. ауылдық мектептерді қолдау және жабдықтау мәселелері бойынша «Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішев баяндама жасады.
Ғани Бейсембаевтың айтуынша, бүгінде Қазақстандағы 8 мыңға жуық мектептің жартысынан көбі ауылдық жерлерде орналасқан, оның 51%-ы шағын жинақты мектеп. Ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту мақсатында «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жоба іске асырылуда. Жоба аясында тірек мектептердің материалдық-техникалық базасы толығымен жаңартылып, шағын жинақталған мектептер пәндік және цифрлық кабинеттермен жабдықталған. Мектептер жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген. Жобаға қатысқан мектеп басшылары мен педагогтары цифрлық құзыреттілікті арттыруға және кәсіби дамуға бағытталған арнайы курстардан өтті.
Премьер-министр ауыл мектептерін дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Білім беру ұйымдарының жай-күйі мен жарақтандырылуы ауылдардың даму әлеуетіне және халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді.