ҚР Үкіметінің отырысы, 04.02.2025

4 ақпанда Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

Автожол саласын дамыту және осы салада цифрлық технологияларды енгізу мәселелері қаралды. Көлік министрі Марат Қарабаев, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, сондай-ақ «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» РМК бас директоры Болатбек Айтбаев баяндама жасады.

2024 жылы құрылыс-жөндеу жұмыстарымен 12 мың шақырым жол, оның ішінде 8 мың шақырым – республикалық жол желісі, 4 мың шақырым – жергілікті жол қамтылған. Марат Қарабаев Үкімет отырысында ұзындығы 7 мың шақырымды құрайтын ірі автожол жобалары аяқталғанын, стратегиялық маңызды нысандар пайдалануға берілгенін хабарлады. 

Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығының басшысы Болатбек Айтбаев Үкімет отырысы барысында 2024 жылы республикалық желі нысандарын сараптамамен қамту 100%-ға, жергілікті желі бойынша – 99%-ға жеткенін хабарлады. 

Жаслан Мәдиевтің мәліметі бойынша, автомобиль жолдарын интернетпен қамту жұмысы жүргізілуде. Сонымен қатар Astana Hub автожол технологиялары саласында жұмыс істейтін стартаптар мен компанияларды белсенді қолдайды, оларға тәлімгерлікке, акселерациялық бағдарламаларға және инвестицияларға қолжетімділік береді. 

Премьер-министр жол саласы әлеуетін арттыру жөніндегі жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар жергілікті жолдар желісін дамытуға баса назар аударды. Олжас Бектенов Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарында жергілікті бюджеттен қаржыландыру көлемі жеткіліксіз болып отырғанын атап өтті. Өңірлердің әкімдеріне құрылыс және реконструкциялау технологияларын сақтау, сондай-ақ жобаларды іске асыру мерзімдері мәселелерін бақылауға алу тапсырылды.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу