04 Наурыз 2025, 19:47
4 наурыз күні Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.
Онда экономиканың нақты секторын қаржыландыру мәселесі қаралды. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, сондай-ақ көлік министрі Марат Қарабаев,иөнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов және Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин және «Қазақстан халық банкі» АҚ басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова баяндама жасады.
Серік Жұманғарин Үкімет отырысында 2025 жылы экономикалық өсу қарқынын арттыру бойынша жоспарланған шаралар туралы баяндады. Оның айтуынша, бұл үшін осы жылы және одан кейінгі жылдары Үкімет экономиканың нақты секторын қаржыландыруды едәуір арттыруды қамтамасыз етеді.
Көлік министрі Марат Қарабаев жол саласын дамыту жоспарлары туралы баяндама жасады. Ол өткен жылы 12 мың шақырым автожол жөндеу жұмыстарымен қамтылғанын атап өтті. Осы жылы құрылыс жұмыстары өткен жылдың деңгейінде жоспарланған, яғни 13 мың шақырым. Оның ішінде 9,5 мың шақырымға арналған жобалар толық қаржыландырылған.
Ерсайын Нағаспаев өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін биыл құны 1,5 трлн теңгені құрайтын 190 жоба енгізілетінін атап өтті. Сонымен қатар жалпы құны 15,3 трлн теңге болатын 417 жоба бойынша жұмыс басталды.
Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысында экономиканың нақты секторындағы энергетика министрлігінің жобалары туралы баяндады. 2025 жылға мұнай және газ конденсатын өндіру жоспары 96,2 млн тоннаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 9,7 өседі деп күтілуде.
Айдарбек Сапаров өткен жылдың қараша айында басталған егін науқанын ерте қаржыландыруды ескере, бүгінгі таңда 206 млрд теңгеге 1,8 мыңнан астам АШТӨ қаржыландырылғанын атап өтті.
Нұржан Нұржігітов 2025 жылы еліміздің үш өңірінде 4 жаңа су қоймасының құрылысын бастау жоспарланып отырғанын айтты. Оның ішінде еліміздің оңтүстігінде орналасқан Ақмола, Қалғұттар, Қараузяк жаңадан енгізілетін 22,5 мың гектар суару алаңында вегетациялық кезеңде су тапшылығын жабуға бағытталды.
Рустам Қарағойшин экономиканы, әсіресе ірі инвестициялық жобаларды несиелендіруді жандандыру мақсатында Ірі бизнес үшін кепілдік қорын құру туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді.
Премьер-министр мемлекеттік органдар мен банк секторын үйлесімді әрі нәтижелі жұмыс істеуге шақырды. Осыған байланысты Олжас Бектенов мемлекеттік органдарға инвесторларға барынша қолдау көрсетуді және инвестициялық жобалардың іске асырылуын бақылауды тапсырды.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу