05 Тамыз 2025, 15:25
5 тамыз күні Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.
Сауда саласын цифрлық трансформациялау барысы мен даму болашағы қаралды. Сауда және инеграция министрі Арман Шаққалиев, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун, қаржы вице-министрі Ержан Біржанов баяндама жасады.
Үкімет отырысында сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев саланы цифрлық транформациялау шараларымен таныстырды. Негізгі бағыттар Ұлттық тауарлар каталогын енгізу, электронды сертификаттау, сондай-ақ цифрлық маркетплейстер мен атаулы көмекті дамыту.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун сауда саласын цифрландыру бойынша атқарылған жұмыстар мен жоспарланған жұмыстар жайында баяндады. Қазіргі таңда сауда саласында әртүрлі мемлекеттік органдар көрсететін мемлекеттік қызметтің 66 түрі бар. 2024 жылдың қорытындысында 17 мыңнан астам қызмет көрсетілген. Қызметтердің барлығы 100% онлайн форматта көрсетіледі.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов бүгінгі таңда Ұлттық тауарлар каталогін міндетті түрде қолдану бойынша Сауда қызметі туралы Заңға қол қойылғанын, ол 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетінін және Ұлттық тауарлар каталогін бақылау-кассалық машиналарда қолдану жөніндегі тиісті Қағидалар бекітілгенін атап өтті.
Сонымен қатар Үкімет отырысында ана мен бала өлімін азайту жөніндегі шаралар қаралды. Онда денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндама жасады. Ол 2030 жылға дейін ана мен бала денсаулығын сақтау қызметін дамыту жоспары бекітілгенін хабарлады.
Премьер-министр сала мамандарын даярлауды кеңейту қажеттігіне назар аударды. Атап айтқанда, елордада және өңірлерде жетекші клиникалар базасында оқу орталықтарын дамытып, акушерлер, гинекологтер, неонатологтер, педиатрлар мен реаниматологтер үшін үздіксіз оқыту және біліктілікті арттыру бағдарламаларын енгізу маңызды.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу