06 Қаңтар 2026, 13:10
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Цифрландыру және жасанды интеллект саласын дамыту мәселелері, сондай-ақ Мемлекет басшысы Цифрландыру және ЖИ жылы деп жариялаған 2026 жылға жоспарлар қарастырылды. Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов баяндама жасады.
Жаслан Мәдиев таяудағы екі жылда 3 мыңнан астам ауыл интернетке талшықты-оптикалық байланыс желілері арқылы қосылатынын мәлімдеді. Осылайша, халықтың 99%-ы жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізеді. Сондай-ақ ол IT-қызметтерінің экспорты $1 млрд-қа жеткенін мәлімдеді. Вице-премьер суперкомпьютердің, AlemGPT платформасының іске қосылғанын және Каспий теңізінің түбінен оптикалық кабель құрылысын құрылысының басталғанын атап өтті.
Нұрлан Жақыпов Қорда жүзеге асырылып жатқан 62 ЖИ-жобасы туралы баяндап, алдағы бес жылда олардың күтілетін экономикалық әсері $1,3 млрд-тан асатынын айтты. Мұнай-газ секторы мен энергетикада зияткерлік жүйелерді енгізу нәтижесінде жалпы кіріс 360 млрд теңгеден асады.
Саясат Нұрбек 95 университеттің барлық білім беру бағдарламаларына жасанды интеллект дағдылары енгізіліп жатқанын және профессор-оқытушылар құрамының 54%-ы оқытудан өткенін баяндады. Сондай-ақ ол өңірлерде Tomorrow School мектептері ашылып жатқанын және Alem.ai орталығы базасында жасанды интеллект бойынша арнайы университет құрылатынын мәлімдеді.
Олжас Бектенов қаңтар айының соңына дейін Цифрландыру және ЖИ жылына арналған іс-шаралар тізбесін анықтап, CDO қызметінің нәтижелеріне сапалы талдау жүргізуді тапсырды. Премьер-министр ТКШ, құрылыс, және өнеркәсіп салаларына цифрлық шешімдерді енгізу қажеттігін атап өтті.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу