07 Сәуір 2026, 18:30
7 сәуір күні Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.
Үкімет отырысында көмір энергетикасын дамыту және көмір генерациясы жөніндегі ұлттық жобаны жүзеге асыру мәселелері қаралды. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов баяндама жасады.
Ерлан Ақкенженов Қазақстанның көмір өнеркәсібі елдің энергетикалық қауіпсіздігі үшін маңызды сала екенін атап өтті. Қазақстан көмір кенінің қомақты қорына ие және әлемде 10-шы орында тұр, бұл өндірудің қазіргі көлемімен алғанда 300 жылдан астам уақытқа жетеді. Ірі көмір кен орындары Орталық Қазақстанның екі негізгі аймағында орналасқан. Олар – Қарағанды көмір бассейні (7 млрд тонна) мен Торғай көмір бассейніндегі (6,2 млрд тонна) Шұбаркөл және Жалын кен орындары. Солтүстік-шығыс аймақта Екібастұз көмір бассейні (10,1 млрд тонна), Майкүбі көмір бассейні, Қаражыра кен орны бар. Еліміздегі көмір қорының көлемі – 33,6 млрд тонна.
2025 жылдың қорытындысы бойынша көмір өндіру шамамен 115,9 млн тоннаны құрады, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 7%-ға көп. Коммуналдық-тұрмыстық мақсаттарға және ішкі тұтынуға 85,9 млн тонна пайдаланылды, ал көмір экспорты 30 млн тоннаға жетті. Көмір экспортының негізгі бағыттары: Ресей Федерациясы (16,6 млн тонна немесе жеткізудің 60%-дан астамы), Польша (5 млн тонна), Өзбекстан (2 млн тонна), Түркия (2 млн тонна), Үндістан (1,3 млн тонна), Малайзия (1,1 млн тонна) және тағы да басқа елдер.
Премьер-министр көмір өнеркәсібі және көмір стансаларында электр энергиясын өндіру отандық отын-энергетикалық кешеннің негізгі салалары саналатынын айтты. Олар еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысы ел экономикасында көмірмен қуат өндіру ісінің маңызын әрдайым атап өтіп, саланы одан әрі дамыту үшін бірқатар бағыттарды айқындап берді. Көмір қоры бойынша біз әлемдегі жетекші 10 елдің қатарына кіреміз. Бұл – біздің елеулі бәсекелік артықшылығымыз, оны тиімді пайдалануымыз керек.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу