08 Қаңтар 2025, 17:38
8 қаңтарда Үкімет үйінде Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов Мемлекет басшысы алға қойған міндеттер аясында жақын арада бюджет-салық және тариф саясаты реформалары бойынша жаңа тәсілдер ұсынылатынын атап өтті. Оларды Серік Жұманғариннің жетекшілігімен Үкіметтің экономикалық блогы мен сарапшылар тобы бірлесіп әзірлеуде және жақын арада ұсынылады.
Сонымен қатар Президент жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу мәселелері қаралды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, көлік министрі Марат Қарабаев, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, сондай-ақ бірқатар өңір әкімдері мен «Атамекен» ҰКП басшылығы техникалық және кәсіптік білім беруді реформалау, жұмысшы кадрларды қолдау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Президент тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет 2025 жылы Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Құжатта енгізілген 7 бағыт пен 70 қадам жұмыс берушілердің қатысуына және жұмысшы маман даярлау мен қолдауға, техникалық және кәсіптік білім берудің тартымдылығын арттыруға, еңбек құқықтарын қорғау тетіктерін дамытуға бағытталған.
Жоспарды іске асыруға нақты сектор субъектілері, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, ұлттық компаниялар мен салалық қауымдастықтар тартылған.
Премьер-министр еңбек заңнамасының, еңбек жағдайлары мен қауіпсіздігінің сақталуына бақылауды күшейтудің, сондай-ақ кәсіпорындарда еңбек дауларына жол бермеу үшін алдын алу шараларын қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.
Көлік саласындағы, атап айтқанда, авиация, теміржол және кеме қатынасы сияқты жоғары технологиялық салалардағы кадр тапшылығы мәселелеріне назар аударылды. Көлік министрлігіне компаниялармен бірлесіп осы салалар үшін мамандар даярлаудың нақты жоспарын әзірлеу тапсырылды.
Агроөнеркәсіп кешенін орнықты дамыту үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі өңір әкімдерімен бірлесіп, ауылдағы мамандарға тартымды жағдай жасау мәселелерін белсенді түрде пысықтап, осы бағытта жаңа бағдарламаларды іске қосуы қажет.
Сонымен қатар кадр даярлау және қайта даярлау процесіне бизнес те белсенді атсалысуы қажет. Елімізде жұмыс беруші есебінен біліктілігін арттыруға баратын қызметкерлер үлесі тек 6%-ды құрайды. Сондай-ақ ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш 48%-ға жетеді. Осыған байланысты Премьер-министр бизнесті жұмысшы кадрлардың біліктілігін арттыруға, оларды әлеуметтік қолдауға және лайықты еңбек жағдайларын жасауға күш салуға шақырды.
Премьер-министр Өнеркәсіп, Энергетика, Көлік, Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары министрліктеріне кәсіпорындармен, әкімдіктермен және Отбасы банкімен бірлесіп, жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу мәселелерін пысықтауды тапсырды.
Премьер-министр мүдделі мемлекеттік органдар, әкімдіктер, ұлттық компаниялар мен кәсіпорындарға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі салалық және өңірлік жоспарлардың сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Барлық іс-шаралар жүйелі, нәтижелі және олардың әлеуметтік-экономикалық ұзақмерзімді әсері болуы тиіс.
Үкімет Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу мәселелерін үнемі бақылауда ұстайды, деп атап өтті Олжас Бектенов.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу