10 Қыркүйек 2024, 18:01
10 қыркүйекте Үкімет үйінде Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.
Мемлекет басшысының биылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы қаралды.
Құжатты Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров ұсынды. Жоспар экономиканың орнықты өсуін қамтамасыз етуге және азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған 76 іс-шарадан тұрады.
Премьер-Министр Олжас Бектенов ұсынылған Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы Мемлекет басшысы қойған міндеттерді сапалы әрі жедел шешуге бағытталғанын баса айтты. Үкімет басшысы қаржыландыру мәселелерін жете пысықтауды тапсырды. Артық шығындардан бас тартып, бюджет қаражатын бірінші кезектегі және стратегиялық мақсаттарға ғана бағыттау керек.
Үкімет басшысы қаржыландыру мәселелерін жете пысықтауды тапсырды. Артық шығындардан бас тартып, бюджет қаражатын бірінші кезектегі және стратегиялық мақсаттарға ғана бағыттау керек.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша дауыс беріліп, нәтижесінде Жалпыұлттық жоспар жобасы бірауыздан қолдау тапты.
Сонымен қатар Үкімет отырысында жұмысшы мамандықтары бойынша кадр даярлау және олардың біліктілігін жетілдіру, сондай-ақ аталған кәсіптердің беделін арттыру жөніндегі шаралар қаралды. Мәселеге қатысты оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлері баяндама жасады. Сондай-ақ «Атамекен» ҰКП төрағасы Райымбек Баталов және өңірлік колледж басшылары тыңдалды.
2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланып, кәсіптік-техникалық білім беруді елеулі түрде қайта жаңғырту жоспарлануда. Аталған өзгерістер кадрлар даярлауға заманауи жағдай жасауға бағытталған. Бүгінгі таңда қазақстандық 772 колледжде 15 бағыт бойынша мамандар даярлануда. Жұмысшы мамандықтары бойынша жұмысқа орналасу деңгейі 70%-ға жетеді.
Үкімет басшысы экономиканың орнықты өсуі мен жаңа өндірістерді ашу кезінде елімізде білікті жұмысшылардың жетіспейтінін атап өтті. білікті кадрлар даярлау – мемлекеттік саясаттың маңызды басымдығы болып қала бермек. Сондықтан еңбек нарығының, бизнестің және білім алушы жастардың мүдделері мен қажеттіліктерін ескеретін жүйелі шаралар кешенін әзірлеу керек.
Еңбек министрлігіне «Атамекен» палатасы салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, тиісті еуропалық жіктеуіш негізінде Цифрлық дағдылар банкін, ал Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасы негізінде түлектердің жұмысқа орналасуына жәрдемдесу үшін сертификатталған колледж түлектерінің тізілімін құрутапсырылды. Аталған цифрлық шешімдер түлектерді жұмысқа орналастыру процесін жақсартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Премьер-Министр кәсіпкерлік блокты оқу үдерісіне тартудың және жұмысшы кәсіптері бойынша кадрлар даярлаудың маңыздылығын атап өтті.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу