ҚР Үкіметінің отырысы, 10.12.2024

10 желтоқсанда Үкімет үйінде Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

Құрылыс саласын дамыту мәселелері қаралды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, «Бәйтерек»  холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин, «Отбасы банк»  АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова баяндама жасады. Сондай-ақ бірқатар өңірдің әкімдерінің есебі тыңдалды.

Премьер-министр Олжас Бектенов құрылыс саласы Қазақстан экономикасындағы негізгі салалардың бірі саналатынын, тұрғын үй мәселелерін шешуге, инфрақұрылымды дамытуға және жұмыс орындарын құруға тікелей әсер ететінін атап өтті.

Мемлекет басшысының 2029 жылға дейін 111 млн шаршы метр жаңа тұрғын үйді іске қосу жөніндегі алға қойған міндеті шеңберінде 2023 жылы Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы өзектендірілді. Биыл Үкімет аталған секторды одан әрі ынталандыру мақсатында қосымша шараларды іске асырды. Атап айтқанда, Тұрғын үй саясатын реформалау туралы заң қабылданды, жаңа жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар іске қосылып, қаржыландыру көлемі артты.

Олжас Бектенов құрылыс сапасы мен іргелес инфрақұрылымды арттырудың, бөлінген қаражатты тиімді пайдаланудың және тұрғын үйге кезекте тұрғандарды өзектендірудің маңызын атап өтті.

Үкімет басшысы өңірлердегі тізімдерді түгендеуді жеделдетуді тапсырды және кезекте нақты мұқтаж азаматтар болуы тиіс екенін атап өтті.

Сондай-ақ Үкімет отырысында трансшекаралық хабтарды дамыту мәселесі қаралды. Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев шекара маңындағы сауда-экономикалық хабтар желісін құру, инвестиция тарту және еліміздің экспорттық әлеуетін нығайту шаралар туралы баяндады. Сондай-ақ көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров, Semurg Invest компаниясының бас директоры Нұржан Марабаев баяндама жасап, бірқатар өңір әкімдері тыңдалды.

Премьер-министр инвесторларды іздеу және хабтардың инвестициялық тартымдылығын арттыру жөніндегі жұмысты күшейтудің маңыздылығын атап өтті. Барлық жоспарланған жобаларды толыққанды іске қосу жүктердің өту уақытын қысқартуға, өнеркәсіптік өндіріс көлемін арттыруға, салық түсімдерін ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретіні атап өтілді.

Сауда және интеграция министрлігіне трансшекаралық хабтар құру мен дамыту жөніндегі процеске қатысушылардың барлығын тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету міндеті қойылды.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу