11 Қараша 2025, 15:00
11 қараша күні Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті.
Онда геология саласын дамыту мен цифрландыру және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан, энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев, жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Мәлік Олжабеков, денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов баяндама жасады.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ақпараты бойынша, геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде алғаш рет 5 кен орыны мемлекеттік есепке алынды. Олар – Көк-Жон, Алтын-Шоко, Самомбет, Студенческий және Тақыр-Қалжыр кен орындары. Қор көлемі 98 тонна алтынға, 36 мың тонна мысқа, 11 миллион тонна марганецке және 1,3 миллион тонна фосфоритке артты.
Энергетика вице-министрі 2023 және 2024 жылдары жер қойнауын пайдаланушылар геологиялық барлауға тиісінше 150 млрд және 160 млрд теңге инвестициялағанын баяндады. 2025 жылдың 9 айында геологиялық барлауға салыған инвестиция көлемі 80 млрд теңгені құрады. Жыл соңына дейін геологиялық барлауға салынатын инвестиция көлемі алдыңғы жылдардың деңгейімен бірдей болады деп күтілуде.
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі цифрлық трансформация шеңберінде жер қойнауын пайдалану саласындағы бизнес-процестердің реинжинирингі өткізілгенін атап өтті. Соның ішінде геологиялық және тау-кен телімдерін бөлу құжаттарын беру және қайта рәсімдеу үдерістері жетілдірілген.
Премьер-министр Үкімет отырысында Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында геологиялық барлау – өнеркәсіптің негізі ретінде дамытудың міндетін айқындағанын атап өтті. Осыған орай барланған жер қойнауы көлемін 2,2 млн шаршы шақырымға дейін жеткізу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Халықты дәрілік препараттармен қамтамасыз ету шеңберінде денсаулық сақтау вице-министрі Денсаулық сақтау министрлігі тегін дәрі-дәрмектерді сататын дәріханаларға қатысты қатаң шаралар қолдануға ниетті екенін айтты.
Премьер-министр Үкімет отандық фармацевтика өндірушілеріне жүйелі түрде қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтті. Басты мақсат – сыртқы нарықтарға тәуелділікті азайту және дәрілік заттарды халыққа барынша қолжетімді ету.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу