ҚР Үкіметінің отырысы, 12.05.2026

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу мәселелері қаралды. Ауыл шаруашылығы, Энергетика, Экология және табиғи ресурстар, Су ресурстары және ирригация министрліктерінің, «Бәйтерек» холдингінің басшылары, сондай-ақ Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарының әкімдері баяндама жасады.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша,  әкімдіктермен бірлесіп егіс алқаптарының құрылымы бекітілді. Осылайша, жалпы егіс алаңы 23,8 млн гектарды құрап, өткен жылдың деңгейінен 180 мың гектарға артты. Басымдық жоғары сұранысқа ие дақылдарға берілді. Атап айтқанда, майлы дақылдардың егіс көлемі биыл 4 млн гектардан асады, мал азықтық дақылдар 3,3 млн гектарды құрайды.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов 2026 жылғы қаңтарда Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері 2026 жылғы 1 ақпан мен 30 маусым аралығындағы кезеңге «2026 жылғы көктемгі дала жұмыстарына 402,2 мың тонна дизель отынын беру кестесі» бекітілгенін айтты.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев көктемгі дала жұмыстары кезеңінде топырақ ылғалдылығы бойынша жағдай жалпы қолайлы екенін жеткізді. Министрдің сөзінше Қостанай, Ақмола, Солтүстік, Шығыс және Батыс Қазақстан облыстарында топырақтың метрлік қабатында ылғал қоры негізінен қанағаттанарлық және оңтайлы болады. Ақтөбе, Павлодар және Қарағанды облыстарында – қанағаттанарлық.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов биылғы су тасқыны кезеңі қалыпты өткенін, елдегі су қоймаларының жоспарланған деңгейге дейін толғанын және гидротехникалық нысандарда төтенше жағдайларға жол берілмегенін атап өтті.

Олжас Бектенов Мемлекет басшысы аграрлық саланы дамыту және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мәселелеріне ерекше мән беретінін атап өтіп, ол үшін көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы әрі сапалы жүргізу керек екенін баса айтты.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу