ҚР Үкіметінің отырысы, 12.11.2024

12 қарашада Үкімет үйінде Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

  • Жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі мәселесі мен халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шаралары қаралды. Төтенше жағдайлар министрі, денсаулық сақтау министрі, «СҚ-Фармация» ЖШС басқарушы директоры, сондай-ақ бірқатар өңір әкімдері мен фармацевтика компаниялардың басшылары баяндама жасады.
  • ТЖМ мәліметінше, елімізде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кешенді іс-шаралар жүргізілуде. Статистикаға сәйкес, өрт шығу және адам қазасы бар қайғылы жағдайлардың негізгі себебі – жылу жүйелері мен электр құрылғыларын пайдалануда ережелердің сақталмауы.
  • Үкімет басшысы Төтенше жағдайлар министрлігіне Ішкі істер министрлігі мен әкімдіктермен бірлесіп, тұрғын үй секторын аралап, рейд жүргізу жұмыстарын жандандыру жөнінде тапсырма берді.
  • Мәдениет және ақпарат министрлігіне жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде профилактикалық материалдар тарату мәселелерін пысықтау тапсырылды.
  • Төтенше жағдайлар министрлігіне жылу беру кезеңінде өрттің алдын алу мәселелері бойынша мүдделі мемлекеттік органдар мен әкімдіктерді тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету міндеті қойылды.
  • Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шаралары жөнінде баяндады.
  • Үкімет отырысында «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Еркен Жақатаев дәрі-дәрмектерді сатып алуды басқару жүйесін трансформациялау жоспары бойынша баяндама жасады.
  • ҚР Премьер-министрі Денсаулық сақтау министрлігіне «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп, қажетті препараттарды сатып алуды қаржыландыру тізбесі мен көздерін айқындап алуды тапсырды. Премьер-министр ешкім де көмексіз қалмауы тиіс екенін баса айтты.
  • Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігіне пациенттерге дәрі-дәрмек беру процесін жеңілдету үшін «әлеуметтік әмиян» жүйесі арқылы дәрілік заттарға электронды ваучерлер алу тетігін іске асыруды жеделдету қажеттігі атап өтілді.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу