14 Қаңтар 2025, 16:30
14 қаңтарда Үкімет үйінде Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.
Электрондық сауданы дамыту мәселесі қаралды. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев баяндама жасады. Сала өкілдері: «Қазпошта» компаниясының басқарма төрағасы Әсел Жанасова, «Халық банкінің» төрағасы Үміт Шаяхметова, «Цифрлық Қазақстан» қауымдастығы кеңесінің төрағасы Денис Степанцев баяндамалары тыңдалды.
2024 жылы Қазақстандағы электрондық сауда нарығының көлемі 3,2 трлн теңгені құрады, ал бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі үлесі 14,5%-ға жетті. Электрондық сауданың экономикалық өсудің қозғаушы күші ретіндегі маңызы атап өтілді. Сала 300 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Ал еңбек өнімділігінің өсуі дүкендер мен нарықтық сатылымдарға қарағанда 30%-дан асып кетті.
Премьер-министр Олжас Бектенов сапасыз тауар сатып алған тұтынушылармен қатар, бәсекенің заңсыз тәсілдеріне тап болған өндірушілер үшін де қауіпті азайту қажеттігіне назар аударды.
Мүдделі мемлекеттік органдармен және бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, наурыз айының соңына дейін ел ішінде де, халықаралық деңгейде де тауарларды жеткізудің тиімді тізбегін қалыптастыру міндеті қойылды.
Сондай-ақ Үкімет отырысында IX қысқы Азия ойындарына дайындық барысы қаралды. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов баяндама жасады.
Қысқы IX Азия ойындары 2025 жылдың 7-14 ақпаны аралығында Қытайдың Харбин қаласында өтеді. Қазақстан құрамасы 10 спорт тәртібі бойынша 6 спорт түрінен бақ сынайды. Бүгінгі таңда команда құрамы бекітіліп, ойынға 138 спортшы қатысатыны белгілі болды. Алдағы қысқы Азия ойындары 2026 жылы Миланда өтетін Олимпиада ойындарына сапалы дайындық жұмыстарын күшейтуге мүмкіндік береді.
Премьер-министр Туризм және спорт министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп инвесторлар тартып, спорт инфрақұрылымын салу үшін қолайлы жағдай жасау, оның ішінде Алматымен қатар Алматы облысында, Шығыс Қазақстанда және басқа аймақтарда жаңадан тау шаңғысы трассаларын жасау жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
Туризм және спорт министрлігіне әкімдіктер, барлық мүдделі ұйым мен компанияларға – Қазақстан құрамасының Қытайда сәтті нәтиже көрсету үшін спортшыларымызға барлық жағдай жасау тапсырылды. Сыртқы істер министрлігіне ұлттық құрамаға дипломатиялық желі бойынша тиісті қолдау көрсету міндеті қойылды.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу