14 Мамыр 2024, 16:14
14 мамыр күні Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.
Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында туризмді дамыту және өрт шығу қаупі бар кезеңге дайындық мәселелері қаралды.
Үкімет отырысында еліміздегі су тасқыны жағдайы күн тәртібінен тыс қаралды. Вице-премьер Қанат Бозымбаев айтып өткендей, қазіргі таңда еліміздегі су тасқыны жағдайы тұрақтанып келеді. Осы аптада Атырау облысында су тасқынының шарықтау шегі болады деп болжанып отыр. Бүгінде Жайық өзеніндегі су деңгейі Индербор және Махамбет кенттеріндегі су бекеттеріндегі қауіпті белгілерден асып түсті. Қазіргі уақытта өңірде аумаққа топырақ үю, құм толтырылған қапшықтарды төсеу, топырақтан біліктер салу және су айдау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Өткен жылғы қыркүйектегі Президенттің халыққа арнаған Жолдауында айтылған тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, сондай-ақ бұқаралық туризмді дамыту мен инвесторларды тартудың әлеуеті жоғары бірқатар өңірдің басшылары баяндама жасады.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша Олжас Бектенов бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, Көлік, Туризм және спорт министрліктері мен әкімдіктерге демалыс аймақтарындағы инфрақұрылым жобаларының аяқталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, пойыздар санын көбейтіп, авиабилеттерге баға белгілеу мәселесін шешу тапсырылды. Бұған қоса, Туризм және спорт министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, агро және экотуризмді дамыту мақсатында жаңа жобалар әзірлеу қажет. Сонымен қатар әкімдіктер жаңа дестинация орындары мен туристерді тарту мәселесін пысықтауы тиіс. Сондай-ақ Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірге туристік нысандардың жазғы маусымға дайындығын қамтамасыз етіп, саяхаттаушылардың қауіпсіздігі шараларын қабылдауы қажет.
Сондай-ақ Үкімет отырысында тиісті ведомстволар мен әкімдіктердің өрт шығу қаупі бар кезеңге дайындығы қаралды. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев жағдай туралы баяндады. Бұрын ірі өрттер орын алған Абай, Павлодар және Қостанай облыстарының әкімдері қазір өңірлерде жүргізіліп жатқан алдын алу шаралары туралы есеп берді.
Премьер-Министр ведомстволар мен өңірлердің басшыларына бірқатар тапсырма берді. Әкімдіктер елді-мекендерде өрт сөндіру бекеттері мен өртке қарсы ерікті құрылымдарды ұйымдастыру жұмыстарын жалғастыруы қажет. Сонымен қатар орман шаруашылығы мекемелері күнделікті өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етілуі тиіс. Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар бұрын орын алған өрттердің тәжірибесін ескере отырып, өрт қаупі жоғары жерлерде қосымша бақылау бекеттерін қоюы тиіс. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, өрт сөндіру көліктерімен және тікұшақтармен су алу үшін су көздері мен өрт сөндіру тоғандарын дайындау қажет. Төтенше жағдайлар, Экология және табиғи ресурстар министрліктері мен әкімдіктерге табиғи өрттерге қарсы шұғыл әрекет ету бойынша көрші елдердің шекара маңындағы аумақтарының тиісті қызметтерімен өзара іс-қимылды күшейту қажет. Төтенше жағдайлар, Мәдениет және ақпарат министрліктері, әкімдіктер өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау мәселесі бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, тиісті оқу-жаттығулар өткізуі керек. Төтенше жағдайлар министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Еліміздегі орман және дала өрттерінің алдын алу және оларды жою жөніндегі арнайы ведомствоаралық жоспардың іске асырылуын күнделікті бақылауға алуы тиіс.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу