ҚР Үкіметінің отырысы, 16.01.2024

16 қаңтарда Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

  • ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында электр энергетикасы саласын одан әрі дамыту мәселелері қаралды. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесі штаттық режимде жұмыс істейтінін баяндады. Бүгінгі таңда елімізде 220 электр станциясы жұмыс істейді, оның ішінде жалпы қуаты 2,8 ГВт болатын 144 ЖЭК объектісі бар. Осы жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жалпы қолда бар қуаттың көлемі 20,4 ГВт, осы күзгі-қысқы кезеңде тұтыну максимумы 16,6 ГВт құрады. Отырыста ұлттық энергетикалық желінің ағымдағы жай-күйі туралы KEGOС компаниясының басқарма төрағасы Нәби Айтжанов, жаңа ірі жобаларды іске асыру туралы «Самұрық-Энерго» басқармасының төрағасы Қайрат Мақсұтов айтып берді.

  • Премьер-Министрдің айтуынша, электр энергетикасы – ел экономикасының тұрақты дамуына негіз болатын бірегей сала. Жалпы 2035 жылға дейін Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесіне шамамен 26 ГВт базалық және маневрлік генерацияны іске қосу жоспарланып отыр. Қабылданып жатқан шаралар электр энергиясының тапшылығын жоюға және 2030 жылға қарай оның резервін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді

  • Үкімет отырысында электрондық сауданы одан әрі дамыту мәселелері де қаралды. Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев электрондық сауда әлемдік экономикалық өсудің жаңа драйверлеріне айналғанын атап өтті. 2022 жылғы қорытынды бойынша Қазақстанда электрондық сауданың үлесі – 12,5%-ды құрады, бұл шамамен 2 трлн теңге. Өткен жылдың 11 айында электрондық сауда көлемі шамамен 2,2 трлн теңгені немесе 13%-ды құрады. Сонымен қатар Министрліктің алдында электрондық сауданың үлесін 2030 жылға қарай 20%-ға дейін жеткізу міндеті тұр. 

  • Премьер-Министр бір ай мерзімде отандық онлайн-дүкендерді дамыту және отандық тауар өндірушілерді шетелдік интернет-алаңдарға шығару үшін тиімді шешімдер әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар Үкімет басшысы наурыз айының соңына дейін Ақтауда контейнерлік хабты және Құрық портында электрондық сауданың толыққанды логистика орталығын құруға кірісуі қажет екенін айтты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу