ҚР Үкіметінің отырысы, 16.07.2024

16 шілдеде Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

  • Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында газ саласын дамыту мәселелері қаралды. Қазіргі жағдай туралы энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов баяндады, жекелеген облыстардың әкімдері тыңдалды.

  • ҚР Энергетика министрлігінің жоспарларына сәйкес, биыл Қазақстанда газ өндіру көлемі 2023 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 2,3%-ға – 60,5 млрд м3-ке дейін артады. Негізгі өсім Қарашығанақ, Теңіз және Қашаған ірі кен орындары есебінен болады деп көзделіп отыр. Тауарлық газ өндірісі өткен жылғы 29,8 млрд м3 деңгейінде қалады.

  • Бұған қоса, Үкімет отырысы барысында Премьер-Министр инфрақұрылымды жаңғырту, газ барлау мен өңдеуге инвестициялар тарту жөніндегі жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.

  • Сонымен қатар Олжас Бектенов Үкімет отырысы барысында сұйытылған мұнай газын шетелге заңсыз шығару мәселелеріне назар аударды.

  • Үкімет басшысы газ өндіру мен өңдеу көлемінің ұлғаюына қарамастан біздің елімізде көгілдір отынның тапшылығы орын алып отырғанын айтты. Қашаған мен Жаңаөзенде газ өңдеу зауыттарының құрылысы кешіктіріліп жатқаны атап өтілді. Жаңа кен орындарын дамыту және геологиялық барлауға инвестициялар тарту да баяу жүруде. Сондықтан Энергетика министрлігі мен QazaqGaz компаниясына газ өңдеу зауыттарын салу және жаңа газ кен орындарын игеру бойынша нақты жол карталарын әзірлеу тапсырылды. 

  • Энергетика министрлігіне жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп бөлінетін қаражаттың уақтылы игерілуін қамтамасыз ету және жыл соңына дейін желілерді салу бойынша барлық жұмысты аяқтау тапсырылды.

  • Сонымен қатар Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экономиканың түрлі салаларына жасанды интеллект технологияларын енгізу үшін стратегиялық құжат қабылданды. Қазақстанда ЖИ дамыту және цифрлық ортаны құқықтық реттеу мәселелері бойынша ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев баяндады. Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі тұжырымдама биылғы 7 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмасы бойынша әзірленіп жатыр.

  • Үкімет басшысы Цифрлық даму министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, тұжырымдамадағы іс-шараларды жүзеге асыруға кірісуді тапсырды. Суперкомпьютердің есептеу қуатын пайдалану оны бизнес пен ғылыми ортада пайдалану мүмкіндігін қарастыру өте маңызды. Осыған байланысты Қаржы министрлігінің алдына ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым нысандарын жалға алу рәсімін жеңілдету міндеті қойылды.

  • Ғылым министрлігіне жыл соңына дейін KazLLM үшін деректер жинауды аяқтау тапсырылды — бірінші үлкен тілдік моделді сынақтан өткізу ІІІ тоқсанда жүргізілуі тиіс. Сонымен қатар Олжас Бектенов Әділет министрлігіне жасанды интеллектіні қолдану саласын реттеу үшін заңнамалық базаны жетілдіру жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырды.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу