ҚР Үкіметінің отырысы, 17.12.2024

17 желтоқсанда Үкімет үйінде Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.  

2024 жылғы қаңтар-қарашадағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралды. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың саланың даму қарқыны туралы, сондай-ақ ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов және қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың баяндамалары тыңдалды.

11 айдың қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 4,4% құрады. Экономикалық өсудің негізгі қозғаушы күші шикізаттық емес сектор болды. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров ауыл шаруашылығында – 13,4%,, құрылыста – 10,3%,, сауда-саттықта – 8,2%,, көлік пен қоймалауда – 8,1%., өңдеу өнеркәсібінде – 5,3% өсім балғанын баяндады. Сондай-ақ ақпарат және байланыс, электр энергетикасы салаларындағы оң серпін атап өтілді.

Премьер-министр экономикалық белсенділікті ынталандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар біршама нәтиже бергеніне назар аударды. Ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс пен көлік саласындағы өсім жылдық жоспарлы көрсеткіштерден асып түсті. 

Премьер-министр экономиканы одан әрі әртараптандыру, инвестиция тарту және тұрақты жұмыс орындарын құрубағытында белсенді шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

Инвестиция мен қосымша құны жоғары өндірістерді тарту үшін дайын инфрақұрылымның қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды. Әкімдіктер тарапынан қажетті қаржыландыруға жеткілікті көңіл бөлінбейді, осыған байланысты өңірлер бюджетті қалыптастыру кезінде өнеркәсіптік алаңдардың инфрақұрылымын салуға қаражат бөлінуін ескеруі тапсырылды.

Министрлер мен әкімдерге бөлінген қаражаттың толық әрі уақтылы игерілуін ерекше бақылауға алу, Қаржы министрлігіне бюджеттің кіріс бөлігінің атқарылуына бақылауды күшейту тапсырылды.

Сондай-ақ Үкімет отырысында еліміздегі сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төніп тұрған жануарларды сақтау мәселесі қаралды. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстар мен Қызыл кітапқа енген жануарларды қорғау мақсатында бағдарламалық құжаттардың дайындалуы туралы баяндады. Сондай-ақ ғылыми ұйымдар өкілдерінің: Зоология институтының директоры Роман Ященко мен Қазақстан биоалуандылығын сақтау қауымдастығының төрағасы Сергей Скляренконың баяндамалары тыңдалды.

Премьер-министр Олжас Бектенов сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген фаунаны сақтау бойынша нәтижелі жұмыс істеу үшін экожүйелер мен жануарлар түрлеріне мониторинг жүргізуді, қорғау мен бағалауды көздейтін кешенді тәсіл қажет екенін атап өтті. Бұл мәселеде қажетті ғылыми зерттеулер жүргізу, халықаралық озық тәжірибе, жаңа технологиялар мен ақпараттық жүйелерді енгізу де маңызды. Қазіргі уақытта пилоттық режимде жұмыс істеп тұрған Tabigat табиғи ресурстар картасын негізге алу ұсынылады. Платформа қоршаған ортаның қазіргі жай-күйі, орман және су ресурстары, жануарлар дүниесі мен балық шаруашылығы туралы қажетті ақпаратты қамтиды.

Премьер-министр аталған платформаны 2025 жылдың басынан іске қосуды тапсырды. Жануарлар дүниесін қорғау туралы Заңға сәйкес жергілікті атқарушы органдарға аңшылық алқаптардың резервтік қорында мамандандырылған ұйымдар құру жұмыстарын 2025 жылдың қаңтар айының соңына дейін аяқтау тапсырылды. Бүгінде еліміздің 9 облысында 15 млн га жер қорғалмаған күйінде қалып отыр.

Ителгіні жойылып кетуден қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды. Құстың бұл түрі Халықаралық табиғатты қорғау одағының қызыл тізіміне енгізілген. Экология және табиғи ресурстар министрлігіне Ғылым және жоғары білім, Қаржы министрліктерімен бірлесіп, ителгінің өзекті санын анықтап, оны қайта жерсіндірудің тиімділігін бағалау міндеті қойылды.

Олжас Бектенов қоршаған ортаны қорғау қызметін күшейту қажеттігіне назар аударды.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу