17 Желтоқсан 2025, 14:30
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті.
Онда еліміздің биылғы 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралды. Жиында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, қаржы министрі Мәди Такиев, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, өнеркәсіп және құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік вице-министрлері, сондай-ақ бірқатар өңір басшылары баяндама жасады.
Өз кезегінде вице-премьер Серік Жұманғарин Жалпы ішкі өнімнің өсуі туралы айтты. Биылғы қаңтар-қарашаның қорытындысы бойынша экономиканың өсімі 6,4%-ды құрады. Нақты сектордағы өсу 8,3% болды, ол қызмет көрсету өндірісінің 5,3%-ға артуы есебінен жоғары болып қалыптасты.
Өз кезегінде қаржы министрі 2025 жылғы 11 айдағы мемлекеттік қаржының атқарылу қорытындыларымен таныстыры. Оның айтуынша, сыртқы факторлардың қысымы мен әлемдік экономиканың тұрақсыздығына қарамастан, мемлекет барлық міндеттемелерін қамтамасыз етуге қабілеттілігін көрсетіп отыр. Мемлекеттік бюджет кірістері 21,9 трлн теңгені немесе жоспарға 100,1%-ды құрады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім – 2,9 трлн теңгені құрады.
ҚР энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов 2025 жылғы қаңтар-қарашадағы отын-энергетика кешенінің ағымдағы жай-күйі туралы баяндады. Ол есепті кезеңде мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі 91,9 млн тоннаны немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 114,1%-ды құрағанын атап өтті. Осы жылғы мұнай өндіру жоспары 96,2 млн тонна. 11 айдың қорытындысы бойынша – мұнай экспорты 73,4 млн тонна немесе өткен жылдың сәйкес кезеңіне 116,1%. Атап өту қажет, мұнай экспортының осы жылғы 70,5 млн тонна жоспарлы көрсеткішіне қол жеткізілді.
Үкімет отырысында 11 ай ішінде саланы дамыту қорытындылары туралы көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров баяндады. Осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша «Көлік және қоймалау» саласы бойынша нақты көлем индексі 120,3%-ды құрады. Саланың өсу қарқынына жүк тасымалының жалпы көлемінің артуы әсер етті. Атап айтқанда, жүк тасымалы 1 056 млн 896 мың тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,1%-ға өсті. Автомобиль көлігімен жүк тасымалы – 2,2%-ға, құбыржол көлігімен жүк тасымалы – 15,4%-ға, сондай-ақ теміржол көлігімен жүк тасымалы – 7,7%-ға артты.
Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру және нарықты отандық тауарлармен қанықтыру жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде Үкімет қайта өңдеу секторының тұрақты өсуін қамтамасыз етеді. Саланы дамыту нәтижелері туралы өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков баяндады. Вице-министрдің сөзінше 11 айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің негізгі салаларында оң динамика байқалып, өсім 5,9%-ды құрады.
Өз кезегінде ауыл шаруашылығы вице-министрі агросектордағы ахуал туралы баяндады. Оның айтуынша, 2025 жылдың 11 айында ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 6,1%-ға ұлғайып, 9,2 трлн теңгені құраған. Бұл өсім мал шаруашылығында өндіріс көлемін 3,5%-ға, өсімдік шаруашылығында 7,6%-ға ұлғайту есебінен қамтамасыз етілді.
Премьер-министр Олжас Бектенов биыл экономикамыз орнықты өсім көрсетіп, 11 айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі 6,4%-ды құрағанын атап өтті. Жалпы экономикадағы оң көрсеткіштерге қарамастан, сауда, және құрылыс салаларында, сондай-ақ көлік қызметтерінде өсімнің біршама баяулап қалғаны байқалады. Премьер-министр жыл соңына дейін экономикалық өсу қарқынын сақтау үшін жан-жақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу