ҚР Үкіметінің отырысы, 23.01.2024

23 қаңтарда Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

  • ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс Алматыдағы жер сілкінісіне қатысты жағдай қаралды. Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов шұғыл түрде республикалық жедел штаб құрылғанын баяндады. Дәл осындай штабтар аумақтық деңгейде ашылып, психологтардың қатысуымен «жедел желі» байланыс телефондары ұйымдастырылды. Аймақтарда азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің күштері мен құралдары жоғары дайындыққа келтіріліп, командалық-штабтық көліктер жұмылдырылды. Құтқару бөлімшелерінің топтары мен халықты хабарландыру жүйесі толығымен дайын. Үкімет басшысы әкімдіктерге мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе, төтенше жағдайларды жою бойынша іс-шаралар жоспарын пысықтауды тапсырды. Зардап шеккендердің еміне қажет барлық шараларды қабылдау керектігі атап өтілді. Премьер-Министр жер сілкінісі қаупі жоғары аймақтарда оқу-жаттығуларды жиі өткізіп тұру қажеттігін, жедел әрекет ету үшін басқарушы органдар және азаматтық қорғау күштері басшылары мен жауапты тұлғалардан кезекшілік енгізу керектігін атап өтті.

  • Бұдан бөлек, Үкімет отырысы барысында кәсіпорындарда экологиялық талаптарды сақтау мәселелері қаралды. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев атап өткендей, өткен жылдың қорытындысына сәйкес шығарындылар бойынша норматив 3,3%-ға, төгінділер бойынша 8%-ға дейін төмендеуіне қол жеткізілді. Экологиялық заңнаманың сақталуын бақылау мақсатында 652 тексеру жүргізілді, нәтижесінде 1,6 мың құқық бұзушылық анықталды. Олар бойынша жою туралы 628 тиісті ұйғарым берілді. 322 млрд теңгеге 2,1 мың әкімшілік айыппұл салынды. Қазақстанда кәсіпорындардағы ластағыш заттарды үнемі бақылап тұру үшін автоматтандырылған мониторинг жүйесі енгізілуде. Үкімет басшысы кәсіпорындардың экологиялық міндеттемелерін сақтауын қамтамасыз етуді, оның ішінде су ресурстарының ластануының алдын алуды талап етті. Сондай-ақ ол бекітілген өңірлік жол карталары мен табиғатты қорғау іс-шаралар жоспарларын іске асыруды жалғастыру керектігін және өнеркәсіптік кәсіпорындарда ESG стандарттарын енгізу бойынша нақты шараларды әзірлеу қажеттігін атап өтті. 

  • Сонымен қатар Үкімет отырысында ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру шаралары талқыланды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2023-2025 жылдарға арналған ғылымның жалпы бюджеті алдыңғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда 3,3 есе 643 млрд-қа дейін өскенін баяндады. Бұл ретте 2024-2026 жылдарға көзделген бюджет тағы 13%-ға өсіп, шамамен 730 млрд теңгені құрайды. Үкімет басшысы ғылыми жобалардың нәтижелі болуын арттыруға, олардың қолданбалы сипатына баса мән берген жөн екенін айтты. Әлихан Смайылов 1 наурызға дейін жобаларды коммерцияландыру барысында күтілетін нәтижелерді нақтылау үшін Жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасының нысаналы индикаторларын өзектендіруді тапсырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу