23 Сәуір 2025, 17:49
23 сәуір күні Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.
Газ саласын дамыту және цифрландыру мәселесі қаралды. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібінің бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин, сондай-ақ QazaqGaz компаниясының басқарма төрағасы Санжар Жаркешов баяндама жасады.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы елімізде газ өндіру 59 млрд текше метрді құрады, жалпы көлемнің 85%-ы – Қарашығанақ, Теңіз және Қашаған үш ірі кен орнына тиесілі. Сонымен қатар Қазақстанда тауарлық газ өндірісі 28,7 млрд текше метрге жетті. 2025 жылға арналған жоспар 29,4 млрд текше метр деңгейінде белгіленген.
QazaqGaz соңғы үш жылда бірқатар негізгі міндеттерді іске асырды. Атап айтқанда, газ тапшылығы мәселесі шешіліп, ұзақмерзімді перспективада берік ресурстық база қалыптасты. Еліміздегі газдандыру деңгейі 4,7%-ға өсті, газға 1,7 млн адам қол жеткізді. Бюджет қаражатынан бөлек 700 млрд теңгеден астам сомаға инфрақұрылымдық жобалар салынды.
Қаныш Төлеушин негізгі жұмыс газ өндіру және жеткізу процестерінің тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыру, сондай-ақ деректер негізінде басқару мен шешім қабылдауды оңтайландыру болып саналатынын атап өтті. Ол осы мақсаттарды іске асыру саланы неғұрлым технологиялық, ашық және тәуекелдерге төзімді етуге мүмкіндік беретініне тоқталды.
Сондай-ақ Үкімет отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ЮНЕСКО қамқорлығымен мәдени мұраны сақтау және ілгерілету жөніндегі шаралар туралы баяндады.
Ол Мемлекет басшысының Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын жаңарту және жүйелі ілгерілету жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында елдің бай мұрасын сақтау және насихаттау бойынша бірқатар шара қабылданғанын атап өтті.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу