ҚР Үкіметінің отырысы, 23.09.2025

23 қыркүйек күні Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

Егін жинау науқанының барысы және агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру мәселесі қаралды. Ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік, сауда және интеграция министрлері ағымдағы жағдайды баяндады.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров елімізде егін жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр, көрсеткіш былтырғыдан жоғары деп мәлімдеді. Бидай өнімі былтырғы деңгейде күтілуде. Күріштің де жалпы өнімі өткен жылдың деңгейінде немесе 500 мың тоннадан асады деп күтілуде, бұл ішкі сұранысты толық жабуға және экспортты сақтауға мүмкіндік береді.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов диқандарды қолжетімді жанармаймен қамтамасыз ету туралы баяндады. Оның айтуынша, дизель отынын жеткізуде ашықтық пен бақылауды қамтамасыз ету үшін келесідей шаралар қабылданды. Біріншіден, жеке ПИН-кодтар берілді, сандық таңбалау арқылы жүзеге асатын бұл тәсіл отынның нақты жеткенін анықтауға мүмкіндік береді.

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев еліміздің көлік инфрақұрылымы жаңа егіннің астығын тасымалдауға толық дайын деп мәлімдеді.  Оны айтуынша, мемлекетаралық пунктілер астықты жоғары деңгейде тасымалдауға дайын. Осы пункттерде пойыздарды өткізу мүмкіндігі жеткілікті. Экспорттау үшін резервтер қарастырылған, мемлекетаралық пункттерінің мүмкіндіктері астықтың жаңа өнімін тасымалдауға жетеді.

ҚР жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің өкілі Қаныш Төлеушин ауыл шаруашылығын цифрландыру саласындағы жаңашылдықтар туралы баяндады. Оның айтуынша, агроөнеркәсіптік кешендегі басым процестерді автоматтандыру үшін жасанды интеллекті агенттерін енгізу қарастырылуда. Осы мақсатта ауыл шаруашылығындағы болашақ жасанды интеллекті агентінің тұжырымдамалық бейнесі ұсынылып отыр. Ол мемлекеттік қолдау шаралары, субсидиялар, өтінім беру мерзімдері және қажетті құжаттар туралы өзекті ақпарат береді.

Премьер-министр Олжас Бектенов егін жинау науқанының уақтылы әрі сапалы өтуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Сондай-ақ Үкімет отырысында жылыту маусымына дайындық мәселесіне ерекше назар аударылды.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу