25 Маусым 2025, 16:30
25 маусым күні Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.
Жиында Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру мәселесі қаралды. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының жүзеге асырылуы туралы баяндады. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бұл бастама ел аумағынан сыртқа шығып, форумдар мен фестивальдарда насихатталуда екенін айтты. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев тұжырымдама «Балалар – Таза Қазақстан үшін!» қағидатымен жүзеге асырылуда екенін жеткізді. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек еліміздің жоғары оқу орындары ауқымды ағарту іс-шаралары туралы хабарлады. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов науқан аясында экологиялық туризмді ілгерілету жайын баяндады. Сондай-ақ бірқатар экология және жастар бірлестігі өкілінің баяндамасы тыңдалды.
«Таза Қазақстан» бастамасы мемлекеттік органдардан ғана емес, қоғамдық ұйымдардан да кеңінен қолдау тауып отыр. Мәселен, «Ауыл» партиясы «Таза 25» акциясын өткізіп, жастар, еріктілер мен белсенділер Қазақстанның әр өңіріндегі танымал су айдындарының 25 км жағалау аймағын тазартқан. Бұл туралы экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында баяндады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда акция аясында 79 км тазартылып, 470 тонна қоқыс жиналды. Жыл соңына дейін бүкіл еліміз бойынша 500 шақырым жағалау аймағын қамту жоспарланып отыр.
Үкімет отырысында Аида Балаева жастар саясаты саласында Мемлекет басшысының қатысуымен өткен көктемгі экологиялық фестиваль жас буынға рухани серпін бергенін, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарына биыл 35 мыңнан астам жас тартылып отырғанын жеткізді. Келер жылдан бастап бұл жасақтар техникалық, аграрлық, құрылыс және педагогикалық бағыттармен толығатыны айтылды.
«Таза Қазақстан» тұжырымдамасына балалар мен жасөспірімдер қозғалыстарына қатысатын 2,1 млн оқушы волонтерлік бастамалар аясында белсенді атсалысуда. Жазғы демалыс кезеңінде 3,2 млн-нан астам бала демалып, тәрбиелік іс-шараларға қатысады. Жазғы демалыс кезінде де экологиялық тәрбие бағытындағы бірқатар жобалар іске асырылуда», — деді Ғани Бейсембаев өз баяндамасында.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» акциясын жариялағаннан бері жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушыларының қатысуымен 1500-ге жуық түрлі іс-шара өткізілген. Бұл шараларға жоғары оқу орындарынан 240 мыңнан аса адам қатысқан. Барлық жоғары оқу орындары студенттері арасында Taza Like іс-шарасы шеңберінде экосағаттар өткізілді.
Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында жасаған баяндамасында экотуризмді кеңінен насихаттау табиғатқа ұқыпты қарауға, саналы көзқарас қалыптастыруға және қоғамда экологиялық мәдениетті нығайтуға жол ашатынын айтты.
«Президентіміздің идеясы “Таза Қазақстан” бастамасын табиғатты қорғау үшін ғана емес, сонымен қатар ойдың да, бойдың да тазылығын сақтап, адамның ішкі мәдениетін тәрбиелеу арқылы оны дұрыс өмір салтына айналдыру болып саналады. Руханияттың дамуына ерекше көңіл бөлу керек. Айналаңдағы адамдарға, дәстүрлі құндылықтарға құрметпен қарау, қоғамдық жауапкершілікті дамыту және еңбекқорлық Мемлекет басшысының “Таза Қазақстан” бастамасын жүзеге асырудың маңызды бағыттары болуы тиіс», деп атап өтті Олжас Бектенов.
Отырысты қорытындылаған Премьер-министр өскелең ұрпақтың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастырып, жұртшылықты, қауымдастықтар мен бірлестіктерді кеңінен тартуды қамтамасыз етуге, әрбір елді мекен бойынша барлық бұқаралық спорттық іс-шаралардың бірыңғай күнтізбесін әзірлеуге, жалпыға бірдей пайдалануға арналған негізгі экотуризм нысандарының картасын жасауға, бір ай мерзімде халық арасында экологиялық және рухани мәдениетті тәрбиелеу жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу