ҚР Үкіметінің отырысы, 26.03.2025

26 наурыз күні Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

Коммуналдық және өндірістік қалдықтарды басқару мәселелері қаралды. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, сондай-ақ Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков пен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев еліміздің 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында сұрыптау мен қайта өңдеу үлесін арттыру, сондай-ақ халықты қоқыс шығару қызметтерімен қамтуды арттыру көзделгенін атап өтті. Мәселен, жыл сайын елімізде шамамен 4,5 млн тонна коммуналдық қалдықтар жиналады, 2024 жылғы қайта өңдеу жоспары 30% болса, нақты өңделгені шамамен – 26%.

ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында еліміздегі жинақталған техногендік-минералдық қалдықтар (ТМҚ) мәселесін шешу бойынша жоспарланған шаралар туралы баяндады. Бүгінде республикада жалпы массасы 55  млрд тоннаны құрайтын 1,7 мыңнан астам ТМҚ тіркелген.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында отын-энергетика кешеніндегі қалдықтарды басқару туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, елімізде 227 электр стансасы жұмыс істейді, оның ішінде көмірді негізгі отын ретінде пайдаланатын ірі энергия өндіруші ұйымдардың саны – 21. 

Отырыс барысында Премьер-министр қалдықтарды басқару жүйесін дамыту үшін былтыр елімізде жеңілдікпен қаржыландыру тетігі бекітілгеніне тоқталды. 94 жобадан тұратын пул жасақталды. Алайда, оларды іске асыру барысы мүлдем мардымсыз. Бүгінде 67 жоба қаралған. Премьер-министр жобаларды іске асыру, жабдықтарды жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу бойынша белсенді жұмыс қажет екенін атап өтті.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу