ҚР Үкіметінің отырысы, 26.11.2024

26 қарашада Үкімет үйінде  Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.  

Теміржол саласын және транзиттік әлеуетті дамыту мәселелері қаралды. Көлік министрі Марат Қарабаев баяндама жасады. Оның айтуынша, саланы одан әрі дамыту мақсатында 2029 жылға дейінгі теміржол саласын дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Бұл құжат аясында келесідей бес бағыт бойынша жұмыстар жоспарланған: жылжымалы құрамды жаңарту; түйісу пункттерін дамыту; магистралдық теміржол желілерін дамыту; тарифтік саясатты жетілдіру; жолаушылар тасымалын дамыту.

Премьер-министр саланы жаңғырту бойынша күш-жігерді арттыру қажеттігін ерекше атап өтті. Әсіресе, теміржол вокзалдары мен станциялардың инфрақұрылымына ерекше назар аудару керек – қазіргі уақытта олардың шамамен 90%-ы жөндеуді қажет етеді.

Сондай-ақ Үкімет отырысында еліміздің цифрландыру саласын дамыту мәселелері қаралды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, IT-компаниялардың басшылары  атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Жаслан Мәдиевтің мәліметінше, Қазақстанның IT-саласы қарқынды өсуін жалғастырып келеді. Салалық компаниялардың саны 18 683 жеткен. Соңғы үш жылда 16%-ға өскен.

Премьер-министр IT-саланың жоғары білікті мамандарын даярлау басым міндет екенін атап өтті. Astana Hub-та үздік халықаралық тәжірибе ескеріліп, қажетті жағдайлар жасалған. Цифрлық даму, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктеріне Astana Hub-пен және өңірлік хабтармен өзара тығыз байланыса отырып, одан әрі даму және оқыту тұжырымдамасын жасау тапсырылды.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу