ҚР Үкіметінің отырысы, 28.05.2024

28 мамырда Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті. 

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздегі су тасқынының салдарын жою мәселесі қаралды.

Биылғы 28 мамырдағы мәліметке сүйенсек, республика бойынша 30 мыңнан астам отбасы 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды. 15 мыңнан астам үй мен саяжай құрылыстары тексерілді, 11 134-і бойынша бағалау жүргізілді.

Атырау, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктері тасқыннан зақымданған үйлерді тексеру және бағалау жұмыстарын аяқтады. Жалпы еліміз бойынша 9 мыңнан астам үй қалпына келтірілуге болатын құрылыс қатарына жатады. 4 315-і апатты жағдайда деп танылды.

Өңірлер 1 847 үй мен пәтердің құрылысы басталды, қайталама нарықтан 3 417 тұрғын үй сатып алу көзделіп отыр. Құрылыс маусымының қысқалығын ескере отырып, оқу жылының басына дейін зардап шеккен азаматтарға баспана беру жоспарлануда.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов тұрғындардың баспаналары мен мүліктеріне келтірілген залалды бағалау жұмыстарын осы аптаның соңына дейін аяқтауды тапсырды.

Отырыста Қазақстанның өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелері қаралды. 2024 жылдың 4 айының көрсеткіші бойынша өндіріс көлемі 7,1 трлн теңгені құрап, $5,6 млрд болатын өңдеу өнеркәсібі тауарлары экспортталды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі өткен жылдың осы кезімен салыстырғанда 19,9% ұлғайып, 403,2 млрд теңгені құрады. Саланың экономикаға қосқан үлесі 4,3 трлн теңге болды. Өңдеу өнеркәсібінің өсімі 105,2% құрады. Ең үлкен үлесті металлургия өнеркәсібі, машина жасау және азық-түлік өндірісі алады.

Премьер-Министр өткен жылдың қорытындысы бойынша өңдеу секторы өнім шығару көлемі жағынан тау-кен саласымен теңескенін атап өтті. Енді одан да жоғары деңгейге жеткізу керек.

Жалпы, Үкімет алдында елдің берік өнеркәсіптік негізін қалыптастыру, локализациялау деңгейі жоғары өндіріс циклін құру және ұлттық экономика көлемін 2 есеге арттырту бойынша маңызды міндеттер тұр. Оларды қамтамасыз ету үшін жаңа технологияларды белсенді түрде енгізу қажет.

Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластерлер құру үшін өңдеу секторының негізгі ірі жобаларының тізбесін айқындады. Оған металлургия, химия, мұнай-газ химиясы, автомобиль жасау және басқа да салалардың 17 жобасы кірді. Олар өндірістік салалардың және экономиканың дамуына ықпал ететін болады. Әрбір жоба бойынша тиісті іске асыру жоспары қабылданды.

Жалпы өңдеу секторын дамыту бойынша барлық негізгі бағыттар мен міндеттер айқын. Жоғары өңделген шикізаттық емес тауарларды өндіруге баса назар аударылатын болады.

Премьер-Министр Олжас Бектенов сонда ғана табыстың көбісі елімізде қалатынын, сондай-ақ экономиканы әртараптандыру деңгейі артатынын атап өтті. Бұл ретте өндірушілер үшін преференциялар жаңа Салық кодексінің жобасында да қарастырылған.

Кәсіпорын жоғары өңделген тауар шығарса, салық ставкасы төмен болады, ал жай шикізат шығаратын болса салық жоғары болады. Бұл өндірістік дамуды ынталандыратын маңызды қадам.

Мемлекет басшысының қайта өңдеу үлесін 70%-ға жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірледі. Кешенді жоспар аясында жалпы сомасы 176,2 млрд теңгені құрайтын 58 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Үкімет басшысы Министрлер кабинетіне депутаттық корпуспен тығыз жұмыс істеуді тапсырды.

2023 жылдың қорытындысы бойынша фармацевтикалық нарық көлемі 950 млрд теңгені құрады, оның ішінде отандық өндіріс – 144,3 млрд теңге, экспортталатын өнім – 7,9 млрд теңге. Алайда, осы сектордағы отандық өндірістің үлесі 20%-дан 14%-ға дейін төмендеді. Бұл жыл сайын дәрі-дәрмектерге деген ішкі қажеттіліктің артуына байланысты болып отыр.

Олжас Бектенов Мемлекет басшысының отандық өндірістегі дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың үлесін 2025 жылға қарай 50%-ға дейін жеткізу жөніндегі міндетін еске салды. Ол үшін бірқатар инвестициялық және салықтық преференциялар қарастырылған, мемлекеттік қолдаудың қажетті құралдары бар.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу