29 қазан күні Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты халыққа Жолдауын жүзеге асыру шаралары қаралды. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттары бойынша мемлекеттік органдар басшылары баяндама жасады.
«Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі жұмысымыздың басты мақсаты – азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру және еліміздің орнықты дамуын қамтамасыз ету», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Министрлік су саласын реформалау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Осы бағыттағы маңызды нәтижелердің бірі жаңа Су кодексінің қабылдануы. Бұл туралы Үкімет отырысында су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді. Министрдің сөзінше осы бағыттағы маңызды нәтижелердің бірі жаңа Су кодексінің қабылдануы. Кодексте су ресурстарын ұтымды пайдалану, суды үнемдеу, су объектілерін қорғау және су қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидаттары бекітілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Министрлік өңірлердегі медициналық-демографиялық жағдайды және тиімділік өлшемшарттарын ескере отырып, денсаулық сақтау нысандарын салу қажеттілігіне талдау жүргізуді бастады. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндады. Талдау қорытындысы бойынша елдің барлық өңірлерінде 70-ке жуық жаңа денсаулық сақтау нысандарын салу жоспарлануда.
Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру шеңберінде азаматтардың, кәсіпкерлер мен инвесторлардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін болашақ экономиканың құқықтық негізі ретінде жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу басталды. Бұл туралы әділет министрі Ерлан Сәрсембаев мәлімдеді. Бұл жұмыстың маңызы адам құқықтары мен мүдделеріне, меншіктің тең дәрежеде қорғалуына және азаматтардың, оның ішінде цифрлық ортадағы құқықтық кепілдіктеріне негізделген жаңа Конституцияны жүзеге асыру жағдайында ерекше арта түседі.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз