ҚР Үкіметінің отырысы, 7.07.2026

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында газ саласын дамыту мәселелері қаралды. Жиында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов, «QazaqGaz» АҚ басқарма төрағасы Әлібек Жамауов, сондай-ақ бірқатар өңір әкімдері баяндама жасады.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов газ саласын дамыту мәселесі бойынша кеңінен ақпарат берді. Тауарлық газдың ресурстық базасын ұлғайту мақсатында екі негізгі құжат бекітілді. Олар – Қазақстан Республикасының газ саласын дамытудың 2025 – 2029 жылдарға  арналған  кешенді жоспары және 2035 жылға дейінгі көмірсутек шикізатының жаңа перспективалы кен орындарын игеру жоспары.

Солтүстік өңірлерді газдандыру мақсатында 2025 жылғы 9 қазанда Қазақстан Республикасының Үкіметі мен «Газпром» жария акционерлік қоғамы арасында «Есіл – Астана» магистралдық газ құбырын салу жобасы туралы меморандумға қол қойылды. Оны жүзеге асыру Астана, Көкшетау және Петропавл қалаларын газбен тұрақты түрде қамтамасыз етуге, сондай-ақ елдің 4 солтүстік өңірлеріне табиғи газ жеткізу маршруттарын әртараптандыруға мүмкіндік береді. Жобалар уақтылы қаржыландырылған, сондай-ақ «Есіл – Астана» магистралдық газ құбыры жобасы табысты жүзеге асырылған жағдайда, елді газдандыру деңгейін 2035 жылға қарай 64,2%-дан 80%-ға дейін ұлғайту жоспарлануда.

Олжас Бектенов экономиканың дамуы халық пен өнеркәсіп тарапынан газға сұраныстың тұрақты өсуімен қатар жүретінін, сондықтан саланы дамыту озық қарқынмен жүзеге асырылуы тиіс екенін атап өтті. Осыған байланысты Энергетика министрлігіне, «Самұрық-Қазына» АҚ және «QazaqGaz» АҚ-ға Қашаған, Қарашығанақ және Жаңаөзен газ өңдеу нысандарында құрылыс-монтаждау жұмыстарын апта сайын бақылау жүйесін енгізуді тапсырды. Бұл жобалар ішкі нарық үшін тауарлы газ өндірісін арттырып, мұнай-газ химиясы саласын дамытудың драйвері болуы тиіс.

 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу