Үкімет отырысы, 19.12.2023

19 желтоқсанда Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті. 

  • Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында Қазақстанның авиациялық инфрақұрылымын жаңғырту туралы айтып берді. Сондай-ақ ішкі және халықаралық әуе тасымалдары желісін дамыту, әуе кемелері паркін толықтыру және саладағы кадрлық ахуал мәселелері қаралды.

  • Премьер-Министр әуежайлар аумағында мультимодальды көлікті пайдалану мүмкіндігін беру мәселесін пысықтауды, транзиттік жүктерді рәсімдеуді жеңілдетіп, тиісті технологиялық процестерді оңтайландыруды тапсырды. Одан бөлек Үкімет басшысы қажетті авиаотын көлемімен қамтамасыз ету шараларын қабылдау, оны сақтауға арналған тиісті инфрақұрылымды құру, сондай-ақ азаматтық авиация саласында мамандар даярлау үшін қосымша гранттар бөлуді қамтамасыз ету қажеттігін айтып өтті. 

  • Биылғы 15 желтоқсандағы жағдай бойынша 5 543 стихиялық қоқыс үйінділерінің 4 388-і жойылды, көрсеткіш 50%-дан 80%-ға дейін жақсарды. Алайда жекелеген әкімдіктер бұл жұмысты тиісті деңгейде жүргізген жоқ. Мұндай деректерді Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев келтірді.

  • Әлихан Смайылов 2024 жылғы 1 наурызға дейін нақты іс-шаралар мен іске асыру механизмдерін қамтитын коммуналдық қалдықтарды реттеу бағдарламаларын әзірлеу және бекіту бойынша барлық қажетті шараны қабылдауды тапсырды. Экология және табиғи ресурстар, Ұлттық экономика министрліктері Әкімшілік кодекске рұқсат етілмеген жерлерде қалдықтарды тастағаны үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған түзетулер енгізуді тездетуі тиіс.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу