Үкімет отырысы, 26.12.2023

26 желтоқсанда Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті. 

  • Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан Республикасында 2024-2030 жылдарға арналған қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы әзірленді. Құжаттың мақсаты – жұмысшылардың еңбек ету сапасын арттыру және еңбек ресурстарын үнемдеу. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында тұжырымдаманың негізгі аспектілері туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова айтып берді.

  • Үкімет басшысы Тұжырымдаманың іс-шараларының барлығын орындау бойынша жұмысты жүйелі түрде ұйымдастыруды тапсырды. Оған қоса қауіпті өнеркәсіптік объектілердегі авариялар санын төмендетуді бақылауда ұстау, Кәсіптік аурулар институтын құру мәселесін тездету, сондай-ақ емдеу мен профилактиканың сапасын арттыру қажет. Сонымен қатар Премьер-Министр өңірлерде еңбекті қорғау талаптарының сақталуы бойынша превентивті мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету және осы бағыттағы ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысын күшейту керектігін айтты.

  • Үкімет отырысында биылғы заң жобалау жұмыстарының жоспарын іске асыру және 2024 жылға арналған жоспардың жобасы туралы әділет министрі Азамат Есқараев баяндама жасады. Үкіметтің 2023 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес ҚР Парламенті Мәжілісіне 32 заң жобасын әзірлеу және енгізу көзделген болатын. Жыл ішінде 7 өзгеріс енгізілді.

  • Үкімет басшысы жаңа Цифрлық кодекстің жобасын, сондай-ақ инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру мәселелері жөніндегі заңды әзірлеудің маңызын атап өтті. Сондай-ақ Ә. Смайылов Мемлекет басшысының, Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министрдің заңнамалық тапсырмаларына мониторинг жүргізу, оларды әрі қарай әзірленіп жатқан заң жобаларына енгізуді қамтамасыз ету қажеттігін айтты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу