Үкімет отырысы, 12.12.2023

12 желтоқсанда Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті. 

  • Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс ЖЭО мен жылу желілеріндегі штаттан тыс жағдайлардың салдарын жою және олардың орын алу мәселелері қаралды. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтың мәлімдеуінше, Қазақстанда ауа райының сууына байланысты энергия көздері мен жылу желілерінде бірқатар технологиялық ақау орын алды. Атап айтқанда, Риддер ЖЭО-сы, Теміртау 1-МАЭС-і және Екібастұз ЖЭО-сы жұмысында ақаулар болды. Өңірлер әкімдері Көкшетау мен Степногорск қалаларында жылу беру маусымының қалай өтіп жатқаны, Екібастұз және Риддер ЖЭО-ларындағы ахуал, Балқаш пен Теміртаудағы жылу беру нысандарын жөндеу, сондай-ақ Ақтауды жылумен жабдықтау және Атырауды сумен жабдықтау туралы ақпарат берді. Үкімет басшысы өңір әкімдіктеріне жылу объектілерінің иелерімен бірге тұрақты жұмыс істейтін жөндеу бригадаларының болуын, шұғыл жөндеу жұмыстары қажет болған жағдайда қосалқы бөлшектердің әзір тұруын қамтамасыз етуді тапсырды. Оған қоса Әлихан Смайылов «Қазақстан темір жолы» және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компанияларынан бірінші кезекте жылу станциялары мен қазандықтарға отынның уақытылы жеткізілуін қамтамасыз етуді талап етті.

  • Сондай-ақ Үкімет отырысында биылғы қаңтар-қараша айларында еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин баяндама жасады. Есепті кезеңде ел экономикасының өсу қарқыны 4,9%-ға жеткен. Нақты сектордағы оң динамика 3,5%-ды, қызмет көрсету саласында – 5,6%-ды құрады. Салалар арасында құрылыс (12,6%), сауда (11,3%), ақпарат және байланыс (7,6%), көлік және қоймалау (7,1%) ең жоғары өсімді көрсетті. Мемлекеттік бюджетке шамамен 18,2 трлн теңге кіріс түскен – жоспар 98,6%-ға орындалған. Әлихан Смайылов мемлекеттік қолдау шаралары жүйесін бәсекеге қабілетті, экспортқа бағдарланған және жоғары технологиялық компанияларға қарай қайта бағдарлауды талап етті. Сонымен қатар инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін әрі қарай да сапалы орындауды қамтамасыз етуді тапсырды.

  • Бұдан бөлек, Үкімет отырысында су көлігін дамыту мәселелері де қаралды. Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, Ақтау мен Құрық теңіз порттарының жалпы өткізу қабілеті бүгінде 21 млн тоннаны құрайды. Олар мұнай құю, астық және басқа да жүктерді ауыстырып-тиеуді қамтамасыз етеді. Сауда флоты танкерлерді, құрғақ жүктерді және контейнерлік кемелерді қамтитын 20 кемеден тұрады. 11 айда теңіз порттары арқылы жүк тасымалдау көлемі 6,5 млн тоннаны құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 10%-ға артық. Транскаспий халықаралық көлік бағытына келетін болсақ, өткен жылмен салыстырғанда мұнда тасымалдау көлемі 2 есеге өсіп, 2,5 млн тоннаны құрады. Оның ішінде ТХКБ бойынша қазақстандық өнімнің экспорты 3 есеге артты. Сонымен қатар импорттық жүк ағынының өсуі байқалады – бұл еуропалық компаниялардың осы бағытқа қызығушылығын көрсетеді. Әлихан Смайылов 2024 жылғы қаңтар айының соңына дейін Теңіз инфрақұрылымын дамытудың кешенді шараларын әзірлеуді тапсырды, олар сауда флотын, порт қуаттарын және жүктерді ауыстырып-тиеу көлемін ұлғайтуды қамтуы тиіс.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу