2019 жылғы 26 тамыз - 1 қыркүйек аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары
Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Мамин ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың төрағалығымен «Ядролық қарусыз әлем мен жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығын» табыстау салтанатына қатысты.
ҚР Үкіметінің басшысы Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен бюджеттік жоспарлау мәселелері жөніндегі кеңеске қатысты. Президентке республикалық бюджеттің алдағы үш жылға арналған жобасының негізгі параметрлері баяндалды. Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет жобасының теңгерімді және еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму талаптарына сай екенін айтты. Мемлекет басшысы бюджеттік шығыстардың тиімділігін арттыру және бюджеттің кірісін одан әрі ұлғайту жөніндегі жұмыстарды жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысы кезінде еліміздің 2024 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасы, сондай-ақ 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы, 2020-2022 жылдарға арналған республикалық және облыстық бюджеттер арасындағы жалпы сипаттағы трансферттер көлемі туралы және Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы, сондай-ақ Педагог мәртебесі туралы заң жобалары мақұлданды.
ҚР Үкіметінің басшысы тұрғындарды жұмыспен қамту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Кеңесте 2017-2021 жылдарға арналған «Енбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын, Өзін өзі жұмыспен қамтыған тұрғындарды формализациялаудың Жол картасын іске асыру мәселелері талқыланды.
Қазақстан Премьер-Министрі Нұр-Сұлтан қаласында жаңа №87 мектеп-гимназиясының ашылуына қатысты. Асқар Мамин салтанатты рәсім барысында мектепке қазақ халқының ұлы тұлғасы, ақыны әрі ойшылы – Абай Құнанбайұлының есімінің берілуі аса құрметті әрі жауапкершілікті екенін атап өтті. Мектепті аралау кезінде Асқар Мамин «Қоғамдық маңызды бастамаларды дамыту қоры» сыйлаған 3D-модельдерді зерттеуге арналған виртуалды-ғылыми секциясы бар «жасыл технологиялар» зертханасымен танысты.
Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз