Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №40

2019 жылғы 25 қараша - 1 желтоқсан аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

Дүйсенбі күні ҚР Премьер-Министрі ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н. Назарбаевтың төрағалығымен өткен «Nur Otan» партиясының өңірлік филиалдарының өкілдерімен кеңеске қатысты.  Кездесу барысында партия төрағасының бірінші орынбасары Б. Бәйбектің және партия филиалдарының өңірлердегі жекелеген өкілдерінің баяндамалары тыңдалды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясының негізгі басымдықтарын ілгерілету және түсіндіру бойынша жұмыстарды ұйымдастырудың маңыздылығын атап айтты, Үкіметтің экономиканың жекелеген секторларын одан әрі дамыту бойынша жоспарларына жекелей тоқталды. 

Асқар Мамин ҚР Парламент Сенатының пленарлық отырысына қатысты, онда 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы қаралды. Үкімет басшысы Парламенттің қос палатасының депутаттарының бастамасы бойынша бюджетте өңірлерді дамытуға және олардың тұрғындарының өмір сүру сапасын көтеруге бағытталған қосымша шығыстар қаралғанын атап өтті. Сонымен қатар, Премьер-Министр өңірлер инфрақұрылымын дамыту және осы мақсаттарға қарастырылған бюджет қаражаты туралы депутаттардың бірқатар нақтылау сұрақтарына жауап берді. 

Сейсенбі күні ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында «электрондық үкіметті» дамыту және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мәселелері, сондай-ақ еңбек қатынастарын реттеу шаралары қаралды. А. Мамин барлық орталық мемлекеттік органдарға биылғы жылдың соңына дейін интернет ресурстардың Бірыңғай платформасына көшуді аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар, Үкімет отырысында еңбек қатынастарын реттеу мәселелері қарастырылды. Үкімет басшысы биыл қабылданған Өндірістік жарақаттануды азайту жөніндегі жол картасын іске асыруды жандандырып, өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу мен ескертуге назар аударуды тапсырды. 

Дәл осы күні ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачевпен кездесті. Тараптар атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы Ресей-Қазақстан ынтымақтастығының кешенді бағдарламасын жүзеге асыру барысын талқылады.

Сәрсенбі күні Асқар Мамин құрылыс саласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Құрылыс материалдарының отандық өндірушілерін қолдау және құрылыс индустриясындағы қазақстандық қамту үлесін арттыру, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, мемлекеттік бақылау және техникалық қадағалау саласындағы заңнамалық базаны жетілдіру жөніндегі шаралар қаралды.

ҚР Үкіметінің басшысы өткізген инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі Диалог алаңы аясындағы Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының басшыларымен кезекті кездесуде Асқар Мамин Еуропалық Одақ елшілерін Қазақстанның ЕО-мен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығын қолдау бойынша бұдан арғы ашық әрі белсенді диалогқа шақырды.

Асқар Мамин Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия отырысын өткізді, онда ҚР Президентінің 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын орындау мәселелері қаралды. Отырысқа ҚР Парламент Мәжілісінің Төрағасы Н. Нығматулин қатысты. 

Бейсенбі күні, 28 қарашада ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысы болды. Отырыста Шетелдік инвесторлар кеңесінің 32-ші пленарлық отырысының хаттамалық тапсырмаларының іске асырылу барысы және  «Шикізаттық емес экспортты дамыту» тақырыбында 2020 жылы өтетін 33-ші отырысына дайындық қаралды. 

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ұзындығы 87 шақырым болатын Нұр-Сұлтан қаласының маңындағы айналма автожолдың ашылу рәсіміне қатысты. Елорданың айналма автожолының ашылуы қаланың көлік жүйесінің тиімділігін арттыруға, автокөліктердің жылдамдық режимін ұлғайтуға және жүргізушілердің уақыт шығындарын қысқартуға, сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласындағы экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. 

1 желтоқсанда, ҚР Тұңғыш Президенті күні Үкімет басшысы «Барыс» командасының еңбек сіңірген ойыншыларын ардақтау салтанатты рәсіміне қатысты. «Барыс Арена» күмбезінің астында клубтың жеті ойыншысының: Виталий Еремеев, Николай Антропов, Александр Корешков, Талғат Жайлауов, Федор Полищук, Брэндон Боченски және Кевин Даллмэнның жейделері көтерілді. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу