12 Ақпан 2020, 21:04
2020 жылдың 12 ақпанында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Шымкент қаласында болды.
ҚР Үкіметінің басшысы қаланы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Онда Шымкентті дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру, әлеуметтік-экономикалық жағдай, инфрақұрылымдық құрылыс, электрмен және газбен жабдықтау, инвестициялық жобалар, сондай-ақ қаланың 2020 жылы ТМД-ның мәдени астанасы мәртебесін алуы аясында іс-шараларды өткізуге дайындық мәселелері қаралды.
А. Мамин ТМД-ның мәдени астанасы жылы аясындағы барлық іс-шараларға сапалы дайындықты қамтамасыз етуді, сонымен қатар екі апта мерзім ішінде сумен, электрмен және газбен жабдықтау, тұрғын үй құрылысы және көлік салаларында инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мәселелерін қарауды тапсырды.
Жұмыс сапары аясында А. Мамин Шымкент қаласындағы халықаралық әуежайдағы өткізу қабілеті сағатына 2000 жолаушыны құрайтын жолаушылар терминалының салыну барысымен танысты, оны биыл қазан айына қарай аяқтау жоспарланған.
«Оңтүстік» АЭА аралау кезінде Үкімет басшысына 1700-ден аса жаңа жұмыс орнын құрумен жалпы сомасы 58,8 млрд теңге болатын, қазір іске асырылып жатқан 23 жоба туралы баяндалды.
Премьер-Министр тігін және жіп иіру тоқыма фабрикаларына барып, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ-ның оларды іске қосу және Қазақстанның тоқыма кластерін одан әрі дамыту жобаларымен танысты.
Үкімет басшысы археологиялық қазбалар кезінде табылған «Шымкент қалашығы» (Цитадель) реставрациялау және музейлендіру жобасының іске асырылу барысын тексерді. Мұнда ежелгі дәуір музейі, галерея, амфитеатр салынатын болады.
Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу