Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №47

2020 жылғы 3 – 7 ақпан аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары 

  • Сенбі күні Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаев Жамбыл облысындағы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады. 
  • Сейсенбі күні, 4 ақпанда, ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шаралары және «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы қаралды. Асқар Мамин бір апта ішінде көтерме-тарату және агро-логистикалық орталықтар жүйесін құру жөніндегі жобаларды қаржыландыру құрылымын анықтауды тапсырды. Сондай-ақ Премьер-Министр биыл мемлекеттік қызметтерді автоматтандырудың 90% деңгейіне жетуді тапсырды. Мемлекеттік органдар қысқа мерзім ішінде мемлекеттік қызметтер тізіліміне қажетті өзгерістерді, оның ішінде 20 мемлекеттік қолдау шаралары бойынша өзгерістерді пысықтап, енгізуі қажет.
  • Дүйсенбі күні ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен Импортты алмастыру және экспортты ілгерілету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның алғашқы отырысы өтті. Отырысқа қатысушылар ағаш өңдеу, жиһаз, химия, тоқыма, аяқ киім және басқа салалардағы импортты алмастыру жөніндегі бірқатар нақты жобаларды қарады. Мемлекеттік қолдау алатын бизнеске әр субъект бойынша мониторинг жүргізуге мүмкіндік беретін «Өнеркәсіп» ақпараттық жүйесін дамыту жөніндегі жұмыс барысы талқыланды. 
  • Сол күні Үкімет басшысы «One Web» британ компаниясының бас атқарушы директоры А. Штекельді қабылдады. Келіссөздер барысында Қазақстан аумағын, соның ішінде шалғайдағы және жетуге жолы қиын аудандарды байланыс спутниктері арқылы жоғары жылдамдықты кеңжолақты интернетпен қамту жөніндегі жобаны іске асыру перспективалары талқыланды.
  • Сәрсенбі күні Асқар Мамин инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі диалог алаңы аясында Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының басшыларымен кезекті кездесуді өткізді. Тараптар ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың Брюссель қаласына алдағы сапарына дайындықты, Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру бойынша қазақстандық тарап әзірлеген жол картасын, сондай-ақ ҚР-да инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу және салық саясаты мәселелерін талқылады.
  • Жұма күні Асқар Мамин ҚР көлік саласын және транзиттік әлеуетін дамытудың өзекті мәселелерін, өңірлік көлік-логистикалық хабты құру, тұрғындардың мобильділігін арттыру, ел аумағы бойынша жүктердің жеткізілу мерзімін қысқарту т. б. міндеттерді қарастыратын Көлік жөніндегі кеңестің алғашқы отырысын өткізді.
  • ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауын іске асыру бойынша Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын орындау мәселесі бойынша кеңес өткізді. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу