Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №101

2023 жылғы 18-24 желтоқсан аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • 18 желтоқсан, дүйсенбі, Премьер-Министр Мәскеуде өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысына қатысты. Әлихан Смайылов өз сөзінде Қазақстанның интеграциялық байланыстарды тереңдету және оны жаңа практикалық мазмұнмен толықтыру үшін ТМД алаңында одан әрі бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі екенін атап өтті. Алдағы жылы бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарының бірі мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту бойынша ынтымақтастық, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру және спорт салаларындағы өзара іс-қимыл болады.

  • 19 желтоқсан, сейсенбі, Үкімет отырысында авиация саласын дамыту мәселелері қаралды. 2023 жылдың 11 айында отандық әуе компаниялары 12,3 млн жолаушы тасымалдады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 23%-ға артық. Еліміздің әуежайлары көрсеткен қызметтер мен өңделген жүктердің көлемі ұлғайды. 16 халықаралық маршрут ашылып, жаңартылды. Келесі жылы Куала-Лумпурға, Сингапурға, Токиоға және басқа қалаларға жаңа рейстер ашылады. Әлихан Смайылов әуежайларды дамыту, жолаушылар мен ұшақтарға қызмет көрсету сапасын жақсарту, әуе кемелері паркін кеңейту үшін қосымша шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ жеткізу арналарын әртараптандыру және отандық авиация үшін кадрлар даярлау арқылы авиаотынның жетіспеушілігі мәселелерін шешу қажеттігі атап өтілді.

  • Отырыста стихиялық қоқыстарға қарсы күрес бойынша жаңа шаралар қабылдау талқыланды. Қазақстанда қалдықтарды басқару тиімділігін арттыру үшін тиісті инфрақұрылымды дамыту жоспарланып отыр. Бұл контейнерлік алаңдарды ұйымдастыруға, контейнерлер мен қоқыс таситын көліктерді сатып алуға, қалдықтарды қайта өңдеу және көму қуатын арттыруға қатысты. Бұдан басқа осы салаға бизнес субъектілерін тарту көзделеді. Әлихан Смайылов 2024 жылғы 1 наурызға дейін нақты іс-шаралар мен іске асыру тетіктері бар коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламаларын әзірлеу және бекіту бойынша барлық қажетті шараны қабылдауды тапсырды.

  • 21 желтоқсан, бейсенбі, Премьер-Министр телекөпір режимінде Абай облысында ұзындығы 272 км болатын Бақты – Аягөз жаңа теміржол желісінің құрылысын бастады. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде іске асырылуда. Жаңа желіні салу барысында Қытаймен Бақты – Шәуешек үшінші шекара өткелін ашу жоспарланып отыр. Ауқымды жоба жеке инвестордың қатысуымен МЖӘ қағидаттары негізінде іске асатын болады. Құрылыс барысында 11 станция, 47 көпір, 23 теміржол және 8 автожол өткелі, 5 жаяу өтетін көпір, 16 қарау нысаны салынады. Отандық өндірушілерден 500 мыңнан астам шпал мен 36 тонна рельс сатып алу жоспарлануда. Жергілікті қамту кем дегенде 85%-ды құрайды деп күтілуде. Әлихан Смайылов магистраль құрылысы 1 700-ден астам адамды жұмыс орындарымен қамтамасыз ететінін атап өтті. Түсіру және тиеу орындарын ашу да жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді.

  • 22 желтоқсан, жұма, Батыс Қазақстан облысында «Рожковское» ірі газ конденсаты кен орны өнеркәсіптік пайдалануға берілді. Телекөпір режимінде табиғи газ және конденсат өндіру жөніндегі жұмыстарды іске қосуға Премьер-Министр қатысты. Кен орны 2008 жылы кең ауқымды геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде ашылды. 2040 жылға дейінгі кезеңде мұнда 14,2 млрд текше метр шикі газ және 7,1 млн тонна конденсат өндіру жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда шамамен $534 млн инвестицияланды. «Рожковское» кен орнын игерудің арқасында ҚР Ұлттық қоры 501 млрд теңгеге, жергілікті бюджет 110 млрд теңгеге толығады деп күтілуде. Бұдан басқа акционерлер өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына кемінде 3,1 млрд теңге бөлуді, сондай-ақ жыл сайын келісімшарттағы міндеттемелер аясында қазақстандық кадрларды оқытуға инвестициялар сомасының 1%-ын бөлуді жоспарлап отыр.

  • Сол күні Үкіметте АӨК-тегі қайта өңделген өнім үлесін ұлғайту мәселелері қаралды. Премьер-Министрдің төрағалығымен өткен кеңеске қатысушылар ауыл шаруашылығындағы өнімділікті арттыру, импортты алмастыратын жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу жөніндегі шараларды, сондай-ақ жеңілдікпен несие беру, субсидиялау, көктемгі дала жұмыстарын жүргізу және басқа да бірқатар мәселені талқылады. Премьер-Министр мемлекет әрі қарай да ауыл шаруашылығын дамытуға кешенді қолдау көрсететінін атап өтті. Негізгі мақсаттардың бірі – сапалы азық-түлік өндірісін ұлғайту және жаңа жұмыс орындарын құру. Сонымен бірге Әлихан Смайылов мемлекет бөлетін қаражатты пайдалану тиімділігіне бақылауды күшейтуді талап етті.

  • Ал жұма Әлихан Смайылов Катар Мемлекетінің Қазақстандағы елшісі Абдулазиз бен Сұлтан Әл-Румейхимен кездесу өткізді. Тараптар екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Катар – біздің еліміздің араб әлеміндегі маңызды саяси және экономикалық серіктесі. Соңғы жылдары екіжақты қарым-қатынастар орнықты дамып келеді, оған екі ел басшыларының белсенді байланыстары ықпал етті. Әлихан Смайылов қазан айында Дохада өткен жоғары деңгейдегі Қазақстан-Катар бірлескен комиссиясының 6-шы отырысының табысты болғанын атап өтті. Сонымен қатар отырыс аясында екі елдің 150-ден астам кәсіпкерінің қатысуымен бизнес форум ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта агроөнеркәсіп кешенінде бірқатар жобаны бірлесіп іске асыру перспективалары белгіленді. Атап айтқанда, Ақмола облысында бидай өңдеу зауытын салу туралы сөз болып отыр. Жобаның болжамды құны – $200 млн, әріптестік тұжырымдамасы мен шарттары пысықталуда.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу