Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №102

2023 жылғы 25-31 желтоқсан аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Сейсенбі, 26 желтоқсанда, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы қаралды. Үкімет басшысы тұжырымдаманың барлық іс-шарасын орындау бойынша жүйелі жұмысты ұйымдастыруды тапсырды. Бұдан басқа қауіпті өнеркәсіп нысандарындағы апаттылық деңгейін азайту, Кәсіптік аурулар институтын құруды жеделдету, сондай-ақ емдеу мен алдын алу сапасын жақсарту тапсырылды.

  • Биылғы заң жобалау жұмыстарының жоспарын іске асыру және 2024 жылға арналған жоспардың жобасы туралы Үкімет отырысында әділет министрі Азамат Есқараев баяндады. Премьер-Министр жаңа Цифрлық кодекстің жобасын, сондай-ақ инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру мәселелері жөніндегі заңды әзірлеудің маңызын атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысының, Президент Әкімшілігінің және Премьер-Министрдің заңнамалық тапсырмаларына мониторинг жүргізу қажеттігін атап өтті.

  • Сейсенбі, 28 желтоқсанда, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жаңа инвестор мен орталық мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен Qarmet компаниясының қызметі бойынша жұмыс тобының отырысын өткізді. Қабылданған жедел шаралардың арқасында кәсіпорында желтоқсан айында өндіріс көлемінің артқаны атап өтілді. Ферроқорытпа қоры мен көмір қоры өсті. Дайын өнімді жөнелту қайта жанданды.

  • Сол күні Үкіметте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды. Кеңеске қатысушылар жаңа білім ордаларын жобалау және салу, оларды заманауи жабдықтармен және жиһазбен жарақтандыру, мемлекеттік сараптама жүргізу, қаржыландыру және басқа да бірқатар мәселені талқылады. Әлихан Смайыловтың айтуынша, уәкілетті мемлекеттік органдар мен ұйымдар жұмыстардың орындалу сапасын мұқият қадағалап, нысандардың бағасын негізсіз көтеруге жол бермеуі тиіс. Мектептерді белгіленген мерзімде тапсыру қажет.

  • «24KZ» телеарнасына берген сұхбатында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов 2023 жылғы ЖІӨ және инфляция бойынша болжамдар, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың негізгі тапсырмаларының орындалуы туралы айтты. Премьер-Министрдің айтуынша, республика күрделі сыртқы жағдайларға бейімделе алды. Үкімет басшысы сондай-ақ ҚР экономикасының тұрақтылығын халықаралық рейтингтік агенттіктер де растайтынын айтты.

  • Жұма, 29 желтоқсанда, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысын өткізді. Қатысушылар Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын өзектендіру барысын талқылады. 

  • Сонымен қатар ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте дәрілік заттар мен зергерлік бұйымдарды таңбалауды енгізу мәселелері талқыланды. Кеңеске, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП өкілдері де қатысты. Ол 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап енгізіледі. Бүгінгі таңда республикада темекі өнімдері мен аяқ киім таңбалауға жатады. Премьер-Министр белгіленген тәртіппен таңбаланбаған тауарларды сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізуді, сондай-ақ пилоттық режимде таңбалауды жүргізу үшін тауарларды іріктеу тетігін жетілдіру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

  • Сол күні ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов орталық мемлекеттік органдар, Бас прокуратура, ҚМА, БҚДА және басқа да ведомстволар басшыларының қатысуымен Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысын өткізді. Медициналық ұйымдарды жабдықтармен және техникамен жарақтандыру саласында жұмыс істейтін бұрын сенімгерлік басқаруға берілген кәсіпорынды мемлекет меншігіне қайтару мәселесі талқыланды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу