Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №110

2021 жылғы 26 сәуір мен 2 мамыр аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Сәрсенбі күні ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясы өтті. Сессияда сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев 30 жыл бұрын көпұлтты әрі көпконфессиялы Қазақстан халқы маңызды таңдау жасап, болашаққа бірлікпен, татулық және келісіммен бет бұрғанын атап өтті.

  • Сейсенбі күні ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен Үкіметтің кезекті отырысы өтті, онда санитарлық-эпидемиологиялық жағдай мәселелері, халықты жұмыспен қамту бойынша қабылданып жатқан шаралар, сондай-ақ жеке тұлғаларды жалпыға ортақ декларациялауды енгізу барысы қаралды. Бірінші мәселені қарау барысында Премьер-Министр азаматтардың маска тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау және адамдардың көп жиналуын болдырмау жөніндегі талаптарды қатаң сақтауының, сондай-ақ бизнес-ортада «Ashyq» қосымшасын енгізуді кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. Екінші мәселені қарау барысында А. Мамин «Еңбек» жобасының іс-шараларын қаржыландыруды, сондай-ақ осы жылдың 1 шілдесіне дейін өңірлік жұмыспен қамту карталарын әзірлеуді тапсырды. Үшінші мәселені қарау қорытындысы бойынша А. Мамин басталған жұмысты бекітілген мерзімдерге сәйкес орындау, жалпыға ортақ декларациялауды енгізу бойынша халықпен түсіндіру және оқыту жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтты.

  • Дүйсенбі күні А. Мамин «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының жол картасын іске асыру жөніндегі штаб отырысын өткізді, онда зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау процестерін цифрландыру, мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталықтарының санын ұлғайту, сондай-ақ тұрғын үй салу мәселелері қаралды.

  • Сол күні ҚР Премьер-Министрі «Ресей темір жолдары» ААҚ бас директоры – басқарма төрағасы Олег Белозеровпен кездесу өткізді. Тараптар теміржол көлігі және логистика саласындағы ынтымақтастықты екіжақты форматта да, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде де нығайту мәселелерін талқылады.

  • Сондай-ақ ҚР Премьер-Министрі Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барды, онда Үкімет басшысы АӨК, көлік, туризм салаларындағы инвестициялық жобалардың іске асырылуымен, сондай-ақ халықты вакциналау барысымен танысты.

  • Сәрсенбіде А. Мамин «Arcelor Mittal» атқарушы төрағасы Лакшми Митталмен кездесу өткізді, онда компанияның Қазақстандағы қызметін одан әрі дамыту жоспарлары таныстырылды.

  • ҚР Премьер-Министрі Ресей Федерациясының Қазан қаласына жұмыс сапарымен барып, РФ Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустинмен келіссөз жүргізді. Тараптар бірқатар бағыт бойынша екіжақты ынтымақтастықты одан әрі арттыру мәселелерін талқылады.

  • Қазан қаласына жұмыс сапары аясында А. Мамин Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына төраға ретінде қатысып, онда ЕАЭО-ны пандемиядан кейінгі дамытудың күн тәртібін қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Үкімет басшысы ЕАЭО елдері арасындағы өзара сауда көрсеткіштерінің жақсарғанын атап өтті. Биылғы қаңтар-ақпанда өзара сауда $9 млрд құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,8%-ға артық.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу