Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №120

2021 жылғы 5-11 шілде аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • 10 шілдеде Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың төрағалығымен бейнеконференция байланысы режимінде ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысы өтті. Іс-шараға Премьер-Министр Асқар Мамин, Президент Әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов, Үкімет мүшелері, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың басшылары қатысты. Елдің І жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2021 жылдың ІІ жартыжылдығына арналған жоспарлары қаралды.

Премьер-Министр Асқар Мамин өз сөзінде пандемияға және шектеу шараларына қарамастан, 2021 жылдың бірінші жартысының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсуі 2,2%-ды құрағанын атап өтті. Өндірістік секторда үдемелі өсім көптеген салаларда қамтамасыз етілген. Жоғары инвестициялық белсенділік құрылыс секторында, өңдеу өнеркәсібінде, саудада, көлікте, ақпарат пен байланыс саласында, ауыл шаруашылығында байқалады. Кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, инвестициялардың өсу қарқыны 23,9%-ды құрады. Осы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 5,2 трлн теңгені құрады. Қазіргі уақытта Үкімет жаңа инвестициялық циклды іске қосу бойынша жүйелі шараларды іске асыруда. Биыл негізгі капиталға салынатын инвестициялар деңгейін ЖІӨ 20%-на дейін, тікелей шетелдік инвестициялар деңгейін $19 млрд-қа дейін арттыру жоспарланған.

Үкімет жұмысындағы басты басымдық – халықтың жұмыспен қамтылуы мен табысын қамтамасыз ету. Жаңа жұмыс орындарын құруға және халықтың нақты әл-ауқатын арттыруға бағытталған ұлттық жобаларды қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Биыл бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын арттыру жалғасатын болады. Кәсіпкерлікті қолдау бойынша қосымша шаралар қабылданды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында өңірлерде 723 млрд теңгеге 3 мыңға жуық жоба мақұлданды. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында 237 жаңа жоба іске асырылды.

Экономиканы индустрияландыру жөніндегі саясат шеңберінде биыл жалпы сомасы 2 трлн теңгеге жуық 110 жоба іске асырылуда. Жобалардың басым бөлігі АӨК, металлургия, құрылыс, машина жасау, химия өнеркәсібінде жүзеге асырылады. Бұл 12 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Үкімет экономиканы дамытудың сапалы жаңа кезеңіне өту үшін серпінді ұлғайтуды көздеп отыр. Ел экономикасының өсуін 3,7-4% деңгейінде қамтамасыз ету мақсаты қойылды.

Отырыс қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Үкіметке елдің одан әрі қарышты дамуына және проблемалық мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді. Олардың ішінде бірінші кезекте Мемлекет басшысы елімізге коронавирусқа қарсы вакциналардың қажетті санын жеткізу жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

Білім беру саласында оқушылар мен студенттерді жаңа оқу жылында дәстүрлі оқыту форматына қайтаруды қамтамасыз ету тапсырылды.

Сонымен қатар Энергетика министрлігіне және «Самұрық-Қазына» қорына, атап айтқанда «ҚазМұнайГазға» жанар-жағармай нарығына әсер ететін мұнай өңдеу зауыттарының жағдайын қатаң бақылау тапсырылды. Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын ұстап тұрудың қолданыстағы құралдарының тиімділігін бағалау және жаңа, неғұрлым тиімді шаралар топтамасын ұсыну тапсырылды.

Мемлекет басшысы ауылдағы жағдайға ерекше назар аударуды тапсырды. Үкімет пен әкімдер «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, шаруашылықтары жем-шөптің жоқтығынан және ауа-райының қолайсыздығынан зардап шеккен фермерлерді қолдау үшін шаралар кешенін әзірлеуі қажет.

  • Сол күні Премьер-Министр А. Мамин ҚР АШМ ұжымына жаңа вице-министр – министрдің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеевті таныстырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу