Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №26

2022 жылғы 4-10 шілде аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары 

  • ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Екатеринбург қаласына жұмыс сапары XII «ИННОПРОМ» халықаралық өнеркәсіптік көрмесіне қатысудан басталды. Айта кетейік, «Өнеркәсіптік ауысу: сын-қатерлерден жаңа мүмкіндіктерге» тақырыбындағы көрме Екатеринбург қаласында 4-7 шілде аралығында өтті. 

  • Екатеринбург қаласына жұмыс сапарымен барған ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ресейлік ірі компаниялардың басшыларымен кездесті. «КАМАЗ» ЖАҚ бас директоры Сергей Когогинмен кездесу барысында жаңа жобаларды іске асыру, жабдықтарды жеткізу және коммерциялық техникаға қызмет көрсету орталықтарын іске қосу мәселелері талқыланды. «Русская медная компания» президенті Всеволод Левинмен болған кездесуде тау-кен металлургия саласында «Қазақмыс» корпорациясымен бірлесіп жаңа жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

  • XII «ИННОПРОМ» Халықаралық өнеркәсіптік көрмесі аясында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов РФ Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустинмен кездесті. Кездесу барысында Үкімет басшылары кең ауқымды мәселелерді, оның ішінде сауда-экономикалық, көлік және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. 

  • Сейсенбі, 5 шілдеде, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Үкіметтің кезекті отырысы өтті. Отырыстың күн тәртібіндегі бірінші мәселе тұрғын үй саясатындағы жаңа тәсілдерді іске асыру болды. Премьер-Министр Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен мүдделі мемлекеттік органдарға тұрғын үй саясатындағы жаңа тәсілдер бойынша заң жобасының барлық ережелерін Парламентпен сапалы әрі жедел пысықтауды; қажетті дерекқорлармен толыққанды интеграциялап, тұрғын үй саласындағы барлық ақпараттық жүйелерді іске қосу жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ Үкімет отырысында мүгедектігі бар адамдардың тұрмыс сапасын жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар қаралды. Премьер-Министр мүдделі мемлекеттік органдарға әкімдіктермен бірлесіп, мүгедектігі бар адамдар үшін бейімдеу және қолжетімді ортаны қалыптастырудың Ұлттық бірыңғай стандартын әзірлеуді тапсырды. Ол Үкіметтің міндеті – мүгедектігі бар адамдар үшін өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыру екенін, сондықтан олардың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелері министрлер мен әкімдердің ұдайы бақылауында болуы тиіс екенін атап өтті.

  • 6 шілдеде ҚР Премьер-Министрі Каспий құбыр консорциумы қызметінің уақытша тоқтап қалуына байланысты жедел кеңес өткізді. Кеңес барысында қазақстандық мұнай экспорты шектелуінің теріс салдары мен мемлекеттік бюджеттің шығындарын азайту жөніндегі қажетті шаралар талқыланды.

  • 7 шілдеде Әлихан Смайылов кәсіпкерлік қызметте «таза парақтан бастап» реттеуді енгізу және мемлекеттік бақылау мен қадағалауды автоматтандыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Премьер-Министр бизнеске көптеген формальды талаптар қойылғанын атап өтті. Оларды тиісті бақылауды қамтамасыз етуге зиян келтірмейтіндей етіп алып тастауға болады. Ол мұндай талаптардың болуы елдегі іскерлік ахуалға кері әсерін тигізетінін, сондықтан орталық мемлекеттік органдардың «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, реттеуші актілерді қысқарту бойынша жұмыс жүргізуі тиіс екенін атап өтті.

  • 8 шілде, жұма күні, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды. Үкімет басшысы өңірде бірінші кезекте «Қарағанды-Балқаш-Сарышаған» автожолын реконструкциялау барысымен танысты. 

  • Әлихан Смайылов Теміртау қаласының өнеркәсіп және әлеуметтік нысандарын аралады. Үкімет басшысы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның 3-домна пешінің жұмысымен танысты, сондай-ақ облыс және кәсіпорын басшылығымен өнеркәсіп қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Бұдан кейін ол «Линде Газ Қазақстан» ЖШС өнеркәсіптік газ өндіру зауытының қызметімен танысты. Зауыт Мемлекет басшысының Германияға сапары кезінде Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін іске қосылған. Сондай-ақ Үкімет басшысы Теміртауда балаларды тәрбиелеу мен дамытудың жақсартылған бағдарламасын іске асыратын «Жас таланттар академиясы» балабақшасына барды.

  • Әлихан Смайылов Саран қаласының индустриялық және инфрақұрылымдық даму барысымен танысты. Үкімет басшысы 2022 жылдың соңында іске қосылуы тиіс «KamaTyresKZ» ЖШС жаңа шина зауытының құрылыс алаңына барды. Содан кейін Әлихан Смайылов жылына 1 200 автобус шығаратын «QazТehna» ЖШС зауытына барды. Сондай-ақ Премьер-Министрге импортты алмастыру бағдарламасын іске асыру аясында іске қосуылуы тиіс «Meridian Company» ЖШС болашақ тұрмыстық техника зауытының жобасы таныстырылды. Бұдан әрі Әлихан Смайылов жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отырған РТБ (резеңке техникалық бұйымдар) шағын ауданындағы көп қабатты үйлерді қалпына келтіру барысымен танысты. 

  • Жұмыс сапарының соңында Әлихан Смайылов Қарағанды облысының кешенді әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізді. Премьер-Министр Қарағандыда түрлі бағыттағы digital-мамандарды оқытатын «Терриконовая долина» IT-Hub-на барды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу