Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №47

2022 жылғы 5-11 желтоқсан аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

Дүйсенбі, 5 желтоқсанда, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов қытайлық «CITIC Construction» корпорациясының бірінші вице-президенті Ян Цзяньцянмен кездесті. Келіссөз барысында ірі автожол жобаларын іске асырудың, атап айтқанда, «Талдықорған – Өскемен» және «Қарағанды – Балқаш» республикалық трассаларын реконструкциялаудың өзекті мәселелері талқыланды.

Сейсенбі, 6 желтоқсанда, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының орындалу барысы және балық саласын дамыту мәселесі қаралды.  

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының орындалу барысы қаралды. Бірінші мәселені қарау барысында Ә. Смайылов «Самұрық-Қазына» қорына «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының IPO-сын сапалы өткізуді қамтамасыз етуді, ал Қаржы министрлігіне кешенді жоспар объектілерінің іске асырылуын бақылауды күшейтуді тапсырды. Екінші мәселе бойынша ҚР Премьер-Министрі балық шаруашылығы саласына инвестициялар тарту жұмысын күшейту, атап айтқанда, балық өсіретін шаруашылықтарды ұйымдастыру үшін учаскелерді беру рәсімін жеңілдету, отандық балық өнімдерін сататын арнаулы объектілер құру және Атырау облысындағы бекіре зауыттарын реконструкциялауды бюджеттік инвестициялық жобалар тізбесіне енгізу мәселелерін пысықтау қажет екенін атап өтті

Осы күні ҚР Премьер-Министрі, Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) Кеңесінің төрағасы Әлихан Смайылов қаржы ұйымының басқарма төрағасы Николай Подгузовпен кездесті. Келіссөз барысында 2022 жылғы ЕАДБ жұмысының алдын ала қорытындылары және келесі жылға арналған жұмыс жоспары талқыланды.  

Сәрсенбі, 7 желтоқсанда, Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Павлодар облысына барып, өңірдің барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының жиналысына қатысты. Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының өңір әкімі лауазымына екі кандидатураны енгізу туралы хатын оқыды.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Шығыс Қазақстан облысының барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының жиналысына қатысып, өңір басшысы лауазымына екі кандидатураны ұсынды. Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша 117 депутаттың 94-і Д. Ахметовке дауыс берді. 

8 желтоқсан, бейсенбі күні, Ә. Смайылов Қазақстан қор нарығы тарихындағы ең ірі IPO аясында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ акцияларының сауда-саттығын ашу рәсіміне қатысты. 9 қарашадан 2 желтоқсанға дейін азаматтар «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасынан (Astana International Exchange, AIX) және Қазақстан қор биржасынан (KASE) ҚМГ акцияларын 8406 теңге бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие болды. 8 желтоқсаннан бастап қайталама сауда-саттық ашылғаннан кейін мұнай компаниясының акцияларын нарықтықта да сатып алуға болады.

Осы күні ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен «Қазақстан-Еуроодақ» диалог платформасының 11-ші отырысына қатысушылар денсаулық сақтау және фармацевтика саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Қарағандыда барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының жиналысы өтті, онда депутаттардың қарауына Қарағанды облысының әкімі лауазымына екі кандидатура ұсынылды. Өңір активімен кездесуде Ә. Смайылов облыс басшылығы өңірлік экономиканы, инфрақұрылымды, кәсіпкерлікті және әлеуметтік саланы дамыту жөніндегі шараларды іске асыруды жалғастыруы тиіс екенін атап өтті.

Сондай-ақ, Астанада мәслихат депутаттарының жиналысы өтті, онда депутаттардың қарауына елорда әкімі лауазымына Берік Оралұлы Жакенов және Жеңіс Махмұдұлы Қасымбектің кандидатуралары ұсынылды. ҚР Президентінің тиісті хатын Әлихан Смайылов оқыды.

ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Директорлар кеңесінің кезекті отырысы өтті. Отырыста 2023-2027 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары, Корпоративтік басқару кодексінің жобасы, сондай-ақ Директорлар кеңесіне есеп беретін қызметтердің кейбір мәселелері қаралды.

9 желтоқсан, жұма күні, Әлихан Смайылов ArcelorMittal компаниясының вице-президенті Виджай Гоялмен кездесті. Кездесу қорытындысы бойынша меморандумға қол қойылды, оған сәйкес қазақстандық тарап компанияның жұмысын бағалау үшін халықаралық сарапшыларды тартатын болады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу